Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Оралда ойыннан кейін жанкүйерлерден қалған қоқысты жинаған балаларға сыйлық тарту етілді (видео)

Оралдағы "Ақжайық" футбол командасының ойынынан кейін стадиондағы қоқыстарды жинаған балалар әлеуметтік желінің жұлдызына айналды. Олардың видеосы Мәдениет және спорт министрінің де назарын аудартты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

3 тамыз күні "Ақжайық" астаналық "Жеңіспен" ойнады. Тартысты ойыннан кейін трибунада қоқыстар әр жерде шашылып қалған. Бұл әр ойыннан соң болатын көрініс. Бірақ футбол жанкүйерлерінің арасында тазалық пен тәртіпті жанындай сүйетіндер табылды. Сондай қамқор жанкүйерлердің бірі 11 жасар Әлихан Сайхал.

"Трибуналарды тазалаған кезде жалғыз болған жоқпын. Менімен бірге достарым Мансұр, Нұртас және Нәдір болды. Бірақ олар жиналған қоқысты жәшікке тастау үшін кеткен еді", - деді кішкентай бала. 

Мәдениет және спорт министрі Асхат Әлиханның әрекетіне таңданысын білдіріп, оған және достарына кітап пен өткен әлем чемпионатында Катардан әкелінген допты сыйға тартты.

"Жақында маған әлем чемпионаты өткен Катарда футбол добын берді. Сізге бұл допты қоғамға жасаған лайықты ісіңізді көрген соң жіберіп отырмын. Әртүрлі әдебиеттерді оқу өте маңызды. Сондықтан кітаптар жібердім. Бұл сізге әрі қарай мотивация беріп, футболға деген қызығушылығыңызды арттырып, игі әрекетіңіздің жалғасуына жәрдемін тигізеді деп сенемін", - делінген Мәдениет және спорт министрінің хатында.

Талқылау