Орал тұрғыны сатушыдан сапасыз көлік үшін 20 миллион теңгеден астам ақы өндіріп алды
Фото: freepik.com
Орал қаласында №2 сотта жергілікті тұрғынның сапасыз автомобильге қатысты шағымы қаралды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сатып алушы көлікті 17,84 миллион теңгеге сатып алған. Алайда автомобиль небәрі 15 мың шақырым жүрген соң, бұзылып қалған. Тұтынушы сатушыдан көлікті ауыстырып беруді немесе ақшасын қайтаруды талап еткен. Сатушы бас тартқан соң сотқа жүгінген. Сараптама нәтижесінде қозғалтқыш пен салқындату жүйесінде елеулі ақаулар бар екені анықталған. Олар апатқа әкелуі немесе адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін.
Сот көлікті елеулі кемшілігі бар тауар деп танып, сатып алу-сату шартын бұзу туралы шешім шығарды. Осылайша сатушы сатып алушыға:
17 840 000 теңге – көліктің құнын;
1 784 000 теңге – айыпақы;
112 631 теңге – сот сараптамасының шығынын;
177 960 теңге – сот шығындарын;
500 000 теңге – өкілдің қызмет ақысын;
196 240 теңге – мемлекеттік баж;
Жалпы сомасы – 20,6 миллион теңгеден астам ақы төлеуге міндеттелді.
Сатушы сот шешіміне шағымданып, "қозғалтқышты ауыстыруға болады, ақау жойылады" деп мәлімдеді. Алайда апелляциялық алқа шешімді өзгеріссіз қалдырды.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандықтарға сапасыз жол үшін ақы төлемеуге рұқсат берілетіні туралы жазған едік.

"Қылмыс көбейіп, адамдардың денсаулығы нашарлаған": Қазақстандықтар бұрынғы уақыт белдеуін қайтаруды талап етіп жатыр
