Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ауаға ең күшті улы заттар тарады": Экологтар Алматыдағы қоқыс полигонының өртіне байланысты дабыл қақты

Фото: Unsplash.comФото: Unsplash.com

Үш күннен бері Алматы облысында қоқыс полигоны өртеніп, түтін мен күйік иісі қаланы басып қалды. Өрт 14 қыркүйекте шыққан еді, оның түтіні 16 қыркүйекте Алматыны басып қалды. Кейбір аудандарды қап-қара түтін шарпыды. Қоқыс полигонынан келген түтін нені білдіреді? Қоқыс полигонындағы қай қоқыс ең қауіптісі? Қазақстанда тастауға тыйым салынған қалдықтар бар ма? Экобелсенділер бұл жағдайда қалай әрекет ету керек екенін Stan.kz ақпарат агенттігіне айтып берді.

Алматы тұрғындары 16 қыркүйек күні түтіннің иісін сезді, кешке жақындағанда күйік иісі бүкіл қаланы шарпыды. Мұндай жағдай жай ғана төтенше жағдай емес дейді экологист, Recycle birge жобасының жетекшісі Әлия Сәлменова. Оның сөзінше, қоқыс полигонындағы газ, ең әуелі метан жаңа өрттің тудырады екен.

"Біз барлығымыз үрейленіп отырмыз. Өйткені бұл жай ғана жергілікті төтенше жағдай емес, бұл – адамдардың денсаулығына және қоршаған ортаға әсер ететін экологиялық апат. Күйік иісі қаланың жоғарғы аудандарына дейін жетті, жақын орналасқан ауылдардың тұрғындарының жағдайын елестету қорқынышты. Қоқыстың үстіңгі қабаттары ғана емес, терең қабаттары да, тіпті 10 метрге дейінгі тереңдік өртеніп жатыр. Жай тонна емес, жүздеген тонна қоқыс. Мұндай өртті сөндіру өте қиын, себебі полигонда оттегіге қол жеткізу мүмкін емес. Қоқыс газдары, ең әуелі метан пайда болады және дәл сол газдар жаңа өрттің отын көзіне айналады. Қоқыс қабаттары соншалықты терең және тығыз болғандықтан, өрт көзін анықтау өте қиын. Оның үстіне қоқыс қабаттарының ішінде азық-түлік қалдықтарынан бастап, электронды және тез жанғыш заттарға дейін бәрі бар", – дейді ол.

Ал экоинфлюенсер Дина Огайдың айтуынша, мұндай түтінмен тыныс ала берсек, тыныс алу жолдарының аурулары, қатерлі ісік қаупі, топырақ пен судың улануы арта береді. Осы оқиғадан соң ой қорытып, саналы халық ретінде іске кірісуіміз керек дейді. ол

"Қапшағай трассасы маңында қоқыс полигоны тағы да жанып жатыр! Бұл ауаға диоксин мен фуран (ең күшті у), ауыр металдар, улы күйе мен ұсақ шаң-тозаң, микропластик таралғанын білдіреді. Мұның салдары - тыныс алу жолдарының аурулары, қатерлі ісік қаупі, топырақ пен судың улануы. Полигондар мен қоқыс үйінділері жанған сайын біз де, балаларымыз да ауыра береміз. Өкінішке қарай, бұл рас. Біз әлі де бір реттік заттарды сатып алып, тастай берсек, тегін пакеттерге қуансақ, мұндай өрттер қайталана береді. Қоқыс ешқайда жоғалып кетпейді. Қазір екі түрлі тәсіл бар. Біріншісі, тағы да респиратор тағып алып, көзді жұмып отыра беруге болады. Ал екіншісі – көзді ашып, жауапкершілікті өз мойнымызға алу. Ең азы – қоқысты сұрыптап, қайта өңдеуге тапсыру. Ең көбі – тұтынуды азайтып, саналы өмір салтын ұстану", – деп пікір білдірді экоинфлюенсер Дина Огай.

Алматы облысы мен қала тұрғындары әлеуметтік желіде түтін жұтып отырғанын қанша айтып, шағымданса да, 16 қыркүйекте "Қазгидромет" РМК ластаушы заттардың артық мөлшері байқалған жоқ деп мәлімдеді.

"Алматы облысындағы тұрмыстық қатты қалдықтар полигонындағы өрт локализацияланды, Алматы қаласының ауасы сапасына айтарлықтай әсер еткен жоқ. Ауа сапасының индексі қолданыстағы ҚР Санитарлық ережелер мен нормалар бойынша қалыптасып, 15–16 қыркүйек күндері белгіленген нормативтер шегінде болды", – деп мәлімдеді "Қазгидромет" РМК.

Мұндай апат қандай мәселелердің себебінен болды?

Экологист мұндай апат қандай жағдайлардың салдары екенін талдап айтып берді:

  1. Орын жетіспеуі және рекультивация (бүлінген табиғи ресурсты қайта қалыпқа келтіру) болмауы. Полигон ұзақ уақыт бойы ресурсын жұмсап қойған, бірақ сонда да пайдаланыла берді. Біз өте көп қоқыс шығарамыз, бірақ оның көбін қайта өңдеуге, утилизациялауға немесе мүлдем шығармауға болады.
  2. Қайта өндеуге жарайтын заттарды сорттамау. Полигонға пластик, қағаз, органикалық және қауіпті қалдықтар араласып жеткізіледі. Олар бірге "жарылғыш қоспаға" айналады. Қазақстан полигондарында сорттау желілері өте аз, бірақ бары да тиімді емес, себебі қоқысты бастапқы көзінде сұрыптамайды. Ал бұл тиімділікті бірнеше есе төмендетеді.
  3. Бақылаудың жетіспеуі. Полигонның жағдайын инженерлік және экологиялық тұрғыдан бақылау жоқ. Бақылау қоқыс қайта өңделмесе, онда оны қауіпсіз сақтап жатқанына кепілдік беруге тиіс еді.
  4. Заңның іс жүзінде жұмыс істемеуі. 2019 жылдан бастап Қазақстанда пластик, қағаз және шыныны көмуге тыйым салынған, ал 2021 жылдан бастап құрылыс және азық-түлік қалдықтарын көмуге болмайды. Бірақ іс жүзінде сорттау шамалы ғана жүргізіледі.
"Әсіресе атап өту керек: біздің қоқыс жәшігіне тастаған заттарымыздың жартысы – азық-түлік қалдықтары. Полигонда олар қауіпсіз түрде ыдырамайды, метан бөледі. Ал метан cияқты жарылғыш газ өрттердің негізгі себептерінің бірі. Бұл тек жүйе немесе мемлекеттің кінәсі емес, бұл – біздің ортақ жауапкершілігіміз. Өйткені өртеніп жатқан біздің қоқысымыз, біз осы өрттің қатысушыларымыз", – дейді экологист Әлия Сәлменова.

Қоқысқа не нәрсені тастауға болмайды?

Алматының Экология және қоршаған орта басқармасының мәліметінше, тұрғын үйдің қасында орналасқан қоқыс контейнеріне тастауға болмайтын қоқыс түрлері бар.

Бұл санатқа негізінен:

  1. батареялар
  2. электронды жабдықтар
  3. кабельдер
  4. люминесцентті шамдар
  5. құрылыс қалдықтары мен көлемді қоқыс жатады.


Дегенмен мұндай норма көпшілікке міндеттелмеген және халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізілмеген.

Сонымен қатар 2021 жылы Экология кодексінің 321-бабының 3-тармағына сәйкес, Қалдықтарды бөлек жинауға, оның ішінде техникалық, экономикалық және экологиялық орындылығы ескеріле отырып, міндетті бөлек жинауға және басқаруға жататын қалдықтардың түрлеріне немесе топтарына қойылатын талаптар әзірленген.

Кодекстің 329-бабының 1-тармағына сай, қалдықтарды иелері қоршаған ортаны қорғау және Қазақстанның орнықты дамуын қамтамасыз ету мүддесіне орай, қалдықтардың түзілуін болғызбау және түзілген қалдықтарды басқару жөніндегі шараларды олардың артықшылығының кемуі тәртібімен мынадай реттілікпен қолдануға тиіс:

1) қалдықтардың түзілуін болғызбау;
2) қалдықтарды қайтадан пайдалануға дайындау;
3) қалдықтарды қайта өңдеу;
4) қалдықтарды кәдеге жарату;
5) қалдықтарды жою.

Не істеуіміз керек?

• Мемлекет бақылау мен инфрақұрылымды қамтамасыз етуге тиіс.
• Компаниялар қайта өңдеуді енгізіп, қалдықтарды азайтуға жауапты болуы керек.
• Біз, қала тұрғындары қоқысты сұрыптауды бастап, тастаған заттарымызға саналы түрде қарауымыз қажет.

"Қайта өңдеуге тапсырылған әр бөтелке, әр қағаз, компостқа айналған әр органикалық қалдық – полигондағы және қоқыс алаңдарындағы өрттердің қалыпты жағдай болмауына қосқан үлесіміз. Алматының тұмшасы – біздің аймақтың басты мәселесі. Осындай өрттер қоғамдық денсаулықты және ең әуелі балаларымыздың денсаулығын тікелей қауіпке ұшыратып отыр. Мұндайда балалар әсіресе осал. Олардың өсіп келе жатқан ағзасына улы қалдықтар ерекше әсер етеді", – дейді экологист, алматылық экобелсенді.

Ал Алматыда қалдықтарды қайда өткізуге болады?

Қазақстанның ірі қалалары мен өңірлерінде ең кемі шыны, қағаз-картон, пластик өткізетін арнайы орындар бар. Олар туралы бүкіл тұрғынға айтылмағанымен, әлеуметтік желіден мекенжайларын табуға болады.

Елімізде қоқысты сұрыптап, оны қайта өңдейтін компанияларға өткізу үрдісі әсіресе Алматыда жақсырақ дамыған. Мегаполисте қалдықты жинап алатын Kazakhstan Waste Recycling компаниясы, Ecosen қалдық өткізу пунктері, Darmarka Almaty және Recycle birge қозғалыстары белсенді жұмыс істеп келеді. Олар көбіне шыны, пластик, қағаз-картон, электронды қалдықтар мен батареялар, лампалар, алюминий және темір бөтелкелер, дәрі қалдықтары, май қалдықтары, мақта-мата қалдықтарын және тағы басқа заттарды жинап, сұрыптап, қайта өңдейді немесе өңдеуге өткізеді.

Тұрғындар қалдықты сұрыптап, қайта өңдеуге өткізгісі келсе, картадан және әлеуметтік желіден мына қозғалыстардың парақшасын таба алады. Әр ұйымның парақшасында ақпарат толығырақ жазылған:

  • Kazakhstan Waste Recycling (КWR экопунктері)
  • Ecosen қалдық өткізу пунктері
  • Darmarka Almaty қозғалысы
  • Recycle birge ұйымы
  • Тепло Алматы жәшіктері (киім мен ойыншықтар үшін)
  • Fabrica жәшіктері (киім мен ойыншықтар үшін)
  • Сонымен қатар қалада Zeta дүкендеріне пластик қалдықтарды апарып өткізуге болады.

Almaty Air Initiative Алматы ауасының ластануы жөніндегі қор тұрғындарға қатты түтін кезінде не істеуге болатыны туралы кеңестер дайындады:

  1. Серуенге шықпаңыз, әсіресе балалар, қарттар және созылмалы ауруы бар адамдарға қауіпті.
  2. Үйде терезе мен есіктерді жауып, саңылауларды дымқыл шүберекпен бекітіңіз.
  3. Сыртқа шығу қажет болса, маска тағыңыз (мүмкіндігінше KN95/FFP2).
  4. Уыттардың әсерін азайту үшін көбірек су ішіңіз.
  5. Үйіңізде ауа тазартқыш болса, қосып қойыңыз.

Төтенше жағдайлар министрлігінің 17 қыркүйектегі мәліметінше, өртті сөндіруге Алматы, Шымкент қалалары, Қарағанды, Түркістан, Жамбыл, Жетісу және Абай облыстарының ТЖД күштері мен құралдары, сонымен қатар ҚР ТЖМ Мартбек Мамраев атындағы 52859 және Қасым Қайсенов атындағы 68303 әскери бөлімдерінің әскери қызметкерлері қосымша жұмылған. Қазір барлығы 200-ден астам жеке құрам мен 90-нан астам техника жұмылыпты. Қоқыс полигоны үшінші күн қатарынан жанып жатыр.

Еске салайық, 14 қыркүйекте Алматы облысында қоқыс полигонында өрт шыққан еді. Облыс әкімдігінің "елді мекендерге қауіп жоқ" деген мәлімдемесіне қарамастан, 16 қыркүйекте қалаға өрт иісі жетіп, тұрғындардың наразылығын тудырды. 

Еңлік Сақтан
Сәрсенбі, 17 Қыркүйек, 2025 16:29
Талқылау