"Келісімге келе алмадық": Елде утиль алымына қатысты петиция жөнінде алғашқы отырыс өтті
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің алаңында утиль алымына қатысты петицияны қарау жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Koleso.kz
Министрлік мәліметінше, жұмыс тобының құрамында парламент депутаттары, өнеркәсіп және құрылыс, экология және табиғи ресурстар, ауыл шаруашылығы министрліктерінің вице-министрлері, ішкі істер, мәдениет және ақпарат, ұлттық экономика, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінің, Жасыл Даму" АҚ, "Қазақстанның автокөлік одағы" ЗТБ, "Қазақстанның өнеркәсіптік инвесторлар одағы" ЗТБ, "Қазақстанның тәуелсіз бизнес одағы" ЗТБ, өкілдері, сонымен қатар петиция бастамашылары қатарынан "Республикалық қайталама металлургия өнеркәсіпшілер одағы" ассоциациялары, дербес автомобиль одағы және "Әділдік үшін" ҚҚ өкілдері бар.
Петиция бастамашысы өз сөзінде утиль алымының экономика салаларына, атап айтқанда автомобиль өнеркәсібіне, құрылыс, жол және арнайы техника өндірісіне тигізетін әсері туралы айтты.
Отырыс барысындағы пікірталас аясында оның утиль алымы процедурасы арқылы жиналған қаражатты бөлудегі ашықтық тақырыбын, сондай-ақ қазақстандық автомобиль өнеркәсібінің даму болашағы мен оның қазіргі жағдайын қозғады.
“Атап айтқанда, өндіруші компаниялардың өкілдері утиль алымы алынып тасталса, жұмыс орындары қысқартылатынына алаңдаушылық білдірді. Олар қазіргі уақытта тұрақты және бәсекеге қабілетті жалақымен, әлеуметтік пакетпен және біліктілігін арттыру мүмкіндігімен қамтамасыз етілген автомобиль өнеркәсібі мен онымен байланысты салаларда өте көп жұмысшы қызмет ететінін еске салды”, – делінген хабарламада.
Ал петицияның бастамашысы Санжар Боқаев өз жақтастарымен бірге индустрия министрлігі ғимаратынан шығып бара жатып, министрлікпен келісімге келу мүмкін емесін айтты.
"Біз келісімге келе алмадық. Олар петицияда көрсетілген талаптарымызды қабылдамады. Біз бұл комиссияға сенімсіздік білдіреміз. Енді референдумға дайындаламыз", – деді Боқаев Азаттық радиосына.
Ол министрдің отырысқа қатыспағанын айтты.
Ал, жиналыстың соңында Олжас Сапарбеков оның қатысушылары ең алдымен утиль алымының ағымдағы өзгерістері мен перспективаларын талқылағанын атап өтті. Одан бөлек, Жұмыс тобы мүшелерінің алдағы уақытта өңірлердегі зауыттарға сапарлары кестесі бекітілді. Жұмыс тобының мүшелері Көкшетау қаласындағы "КАИК" ЖШС, "Kazrost Engineering LTD" және "КАМАЗ-Инжиниринг" АҚ, Алматыдағы "Hyundai Trans Auto" ЖШС және "Hyundai Trans Kazakhstan" ЖШС, Семейдегі "SemAZ" ЖШС және ""Daewoo Bus Kazakhstan" ЖШС, сондай-ақ Қостанайдағы "СарыаркаАвтоПром" ЖШС, "Машиностроительный завод МТЗ-Казахстан" ЖШС мен "Агромашхолдинг KZ" АҚ барады.
Айта кетейік, бұған дейін Индустрия және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев қайта өңдеуге қатысты жағдайға түсініктеме бере отырып, "біз шоу үшін емес, диалогқа дайынбыз" деген еді.