Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Омыртқаға темір салынды": Сырғанақ тебемін деп арбаға таңылған 19 жастағы қазақстандық ару өмірінің қалай өзгергенін айтты

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының тұрғыны Толғанай Сейдахмедова осыдан бір жыл бұрын сырғанақтан оқыс құлап, бір сәтте арбаға таңылды. 19 жастағы бойжеткен Stan.kz тілшісіне жағдайдың қалай болғанын, арбаға таңылғанын қалай қабылдағанын және емделу барысы туралы айтып берді. 

Фото: Stan.kz

“Дәрігерлер қарған жоқ”

Толғанай Түркістан облысы Мақтаарал ауданы Мырзакент кентінде дүниеге келген. Қайғылы жағдай бойжеткен Қызылорда облысына көшпей тұрып, Мақтаарал ауданы Атакент кентіндегі №14 колледжде аспаздық мамандықта оқып жүргенде болған.

“2023 жылы 24 қаңтарда Ақтас деген жерге көңіл көтеріп, қызық қуып барғанбыз. Сол жердегі сырғанақтан сырғанап түстім. Сөйтсем шет жаққа шығып қатқан қарға соғылып, ұшып кеткен екенмін. “Құлаймыз” деп айтқаным ғана есімде. Қалай болғанын өзім де толық білмеймін. Көзімді ашсам ауыр салмақпен отырған күйі жерге түскенім есімде. Сырғанақтағы қауіпсіздік ережелері мүлде сақталмаған. Кінәнің кімнен екені білмеймін. Өзім де сақтануым керек пе еді”, – дейді кейіпкеріміз.

Фото: Stan.kz

Кейіпкер ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген кезде дәрігерлер салғырттық танытып, жарақатына ат үсті қарағанын айтады.

“Ауруханаға жеткізілгенде жағдайым өте ауыр болды. Шок алып қалғаным бар. Сол кезде 17 жаста едім. Дәрігерлер мүлде ескеріп қараған жоқ, тек аяғымды ұстап көріп, “не болды?” деп сұрады. Кейін кәмелеттік жасқа толмағанымды, қарамайтындарын айтып, қайтарып жіберді. Ауруханаға жедел жәрдем шақырып едік “2 сағаттан соң барады” деді. Сонымен жарақатым ауырса да күтіп жаттым. Ауырсынуға шыдай алмай жылағаным да есімде. Жедел жәрдем келіп мені Нұрсаттағы балалар ауруханасына жеткізді. Дәрігерлердің бірі жүре алмайсың десе, енді бірі жүріп кетесің деп жұбатты. Бірақ дәрігерлердің айтқанына назар аудармадым. Алланың қалауы болады "Ауруды берген Алла емін де береді" деп қойдым”, – дейді Толғанай.

Дәрігерлер қызға омыртқаның L-1 бөлігінің сынуы деген диагноз қойған.

“Бел омыртқа сынған. Жұлынның жабық жарақаты, L-1 омыртқа денесінің компрессиялық сынуы, 3 дәрежелі, сына тәрізді деформация және жұлын қысылып қалған. L-1 омыртқа деңгейіндегі омыртқа стенозы. Төменгі параплегия. жамбас мүшелерінің типі бойынша дисфункциясы. Жұлын шогы деген диагноз қойды. Өзім аяққа тұрып кететініме сенемін. Ол үшін үзбей ем алу керек. Бәрінің өз уақыты болады. Сол секілді мен де өзімнің аяққа тұрып кетуімді уақыт санап үмітпен күтіп жүрмін”, – дейді бойжеткен. 

“Ота жасап, омыртқама темір салып берді”

Ауруханаға түскен соң бір аптадан кейін Толғанайға ота жасалған.

“2024 жылы 24 қаңтарда ауруханаға түскен соң 1 аптадан кейін ота жасалды. Қанша қаражат кеткенін нақты білмеймін.  Отаға қаражат болмай бір апта жатып қалған едім. Кейін ақша болмаған соң әлеуметтік желіде хабарлап, халықтан ақша жинадық. Сөйтіп омыртқама темір салып берді. Электронды арбаны халық алып берген еді. Ал үкіметтен берілген арбаны жүргізу қиын болды. Негізі халықтан ақша жинау ойымда болмаған. Әлеуметтік желідегі видеом көпке таралып кеткен соң адамдар ақша жинап көмектесейік деп ұсыныс білдірді. Алдағы уақытта ота жасауға деген ой жоқ. Жағдайымды ушықтырып аламын ба деп қорқамын. Бірақ бір адам “ота жасасақ аяққа тұрғызып береміз” деп айтқан еді. Қазір ақылы оңалту орталықтарынан ем алғым келеді. Ақылы мен тегін орталықтардың айырмашылығы көп”, – дейді бойжеткен.

Бір жылдан бері ем қабылдап жүрген кейіпкеріміз біршама өзгерістер барын айтады. Қазір ол Қызылорда қаласында ем алып жүр. Айтуынша, аяққа тұрып кетуім үшін маманмен жеке жұмыс істеп, массаж алып жүрген көрінеді. Сондай-ақ лифтёрда тұрып, редкордта аяққа жаттығу жасайды.

Толғанай бойындағы өзгерістерді қабылдау қиын болғанын айтады.

“Сау жүріп бір сәтте мүмкіндігі шектеулі жан болып қалғанымды қабылдай алмадым. Бір жыл бойы адамдардан ұялып үйден шықпай қойдым. Уақыт өте келе “Неге ұялуым керек?” деген ойға келдім. Сөйтіп сыртқа шыға бастадым. Жүре алмай қалғанымды білгенде өзімді керексіз сезіндім. Жылаумен өткен күндерім де болды. “Неге мен осылай болдым? Анама масыл болып қалдым ғой” деген ой мазалады. Қазір де ондай сәттер болып тұрады, бірақ бұрынғыдай жиі емес. Қазіргі жағдайымды қабылдап үйреніп жүрмін”, – дейді бойжеткен. 

Фото: Stan.kz

“Оқуымды тастауға мәжбүр болдым”

Толғанай қиын сәтте қолдау көрсетіп, жанында болған анасына алғысы шексіз екенін айтады. 

“Дәл осы жағдайға өкпе, реніш, өкінішті әлі толықтай жібердім деп айта алмаймын. “Неге сол жерге бардым? Мүмкін бармағанда мұндай күйге түспес едім, өз аяғыммен жүрер ме едім?” деген өкініш жоқ емес. Қазіргі жағдайымды қабылдауыма, алға қарай әрекет етуіме анам себепкер болды. Әрқашан қолдау көрсетеді. Әрине, отбасымның қолдауы да оң әсерін берді. Менімен бірге қуанып, мұңайғанда қасымда болды. Мендегі жағдай олардың өміріне де өзгерістер әкелді. Кім бауырының төсек тартып, арбаға таңылғанын қалғанын қалайды? Бірақ барлығын қабылдап үйрендік. Айналамдағы адамдарға қарап, өз аяғыммен жүрген кезімді еске алып “берілмеймін, осы уақытқа дейін жүргенмін” деген ойлардан соң әрекет ете бастадым”, – дейді кейіпкер.

Бойжеткен оқыс жағдайдан кейін оқуын тастауға мәжбүр болған. 

“Оқып жүрген кезімде осы жағдайға түсіп, дипломымды ала алмай қалдым. Дипломды береміз деп күттіріп, кейін бермей қойды. Аспаз мамандығында оқыдым. Жұмыс істегім келеді. Үйде отырып бір іспен көңіліңді ауламасаң өзіңді жегідей жей бересің. Әтір сатумен айналысып көрдім. Алайда бұл кәсібімді дөңгелете алмадым. Негізі бір дүниеге қызығушылығың болса сол нәрсе күйзелістен шығарады. Жұмыс пен еңбек ауруыңды ұмыттырады”, – дейді ару.

Толғанай өміріндегі бұл жағдайды сынақ деп қабылдап, көп нәрсеге көзқарасын өзгергенін айтады.

“Мұны сынақ деймін. Алланың берген сынағының артында керемет жақсылық күтіп тұрған болар. Алла өзінің сүйікті құлына сынақ береді деп өзімді жұбатамын. Түйгенім: әр сынақты қабылдап, өткенге қарап өкінбеу керек. Өмірге, жанымдағы аддамдарға деген көзқарасым өзгерді. Қазір әр таңымды тек “жүріп кетемін” деген үмітпен атырып жүрмін. Бұл әлемде шектеу жоқ, шектеу біздің миымызда. Өмір үзілмей, үміт үзілмейді екен. Болашақта барлығы жақсы болып аяққа тұратыныма нық сенемін. Арбада отыру – шектеу емес, мүмкіндіктерге бастайтын жол”, – дейді Толғанай жас болса да кез келген қиындықты еңсеретініне сенімді екенін айтып.

Толғанайға көмектескіңіз келсе төмендегі нөмірге қаражат аударсаңыз болады:

Kaspi bank: 4400 4302 6663 8466 Толғанай С.

Талқылау