"Мәсімовтің арқасында лауазымға ие болған": Энергетика вице-министрі өзіне тағылған айыптарға жауап берді
Энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов "Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовтің қамқоршысы және оның мұнай таратуда ықпалын пайдаланды" деген қауесетті үзілді-кесілді жоққа шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Press сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Премьер-министрдің баспасөз қызметі
15 тамызда журналист Данияр Әділбеков пен мұнайшы Ерлан Сәудегеровке қатысты сот процесінде жәбірленуші үш адамның бірі Ақкенженовтен жауап алынды.
"Дикая Орда" Telegram-арнасында, Мәсімов пен оның бұрынғы күйеу баласы Азамат Қапеновтің қамқорлығының арқасында Ақкенженов вице-министр лауазымына ие болғанын мәлімдеді. Алайда Ақкенженов бұл ақпаратты жоққа шығарды.
"Бұл абсурд, өте күлкілі! Өткен жылдың маусым айының соңында Үкімет қаулысымен қызметке тағайындалдым. Менің білуімше, ол кезде Мәсімов тергеуде болып, қамауға алынған. Мен Мәсімовті өмірімде көрген емеспін. Тек теледидардан көргенмін. Мен оны мүлдем танымаймын", – дейді Ақкенженов.
"Дикая Орда" Telegram-арнасы Қапеновты Vitol жергілікті мұнай компанияларынан шикізатты арзандатылған бағамен алып, Ақкенженовтың әкімшілік тұтқаларын пайдаланып, оларды шетелге жоғары бағамен сатады деп мәлімдеді. Вице-министр бұл ақпаратты да жоққа шығарды.
"Бұл жалған. Олай болса, мемлекеттік қызметкер ретінде мені сотқа беріп, заңсыз әрекеттердің барлығы сотта әшкереленетін еді", – деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, ол өзі туралы бірінші жазбаға аса мән бермеген. Бірақ екіншісінен кейін адвокаттармен кеңесіп, БАҚ арқылы ресми хабарлама жасап, құқық қорғау органдарына арыз жазған.
"Ар-намысыма, абыройыма нұқсан келгені анық көрініп тұр. Мен саяси мемлекеттік қызметшімін. Бұл мемлекеттік қызметтегі ең жоғары каста деп айтуға болады. Бұл жарияланымдар үкіметтің маған мемлекеттік қызметкер ретінде сенімсіздігін тудыруы мүмкін. Мұның соңы әртүрлі салдарға әкелуі мүмкін. Менің есімім қалпына келтіріледі деп үміттенемін", – деді вице-министр.
Сонымен қатар ол Саудегеровке де, Әділбековке де бас бостандығынан айыруды талап етпейтінін жеткізді.
Ақкенженовтің айтуынша, оның үстінен ішкі аудит жүргізілген. Бірақ оның әрекетінен сыбайлас жемқорлық немесе заң бұзушылық белгілері байқалмаған.
Еске сала кетейік, елордалық полиция департаменті журналист Данияр Әділбековтің ұсталғанын растады.
Ведомстводан хабарланғандай, оның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Оған көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық іс қозғалған екен.