Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Өмір бойына бас бостандығынан айырылғанын қалаймыз”: Шерзат Болаттың ата-анасы оқиғаға қатысты сұхбат берді

Шерзат Болаттың ата-анасы оқиғаға қатысты сұхбат берді. Жасөспірімнің анасы ұлын өлтірген түні күдіктілерді тоқтатуға тырысқанын есіне алды. Ал әкесі 4 қазанға қараған түні дүкендегі жанжалдың қалай басталғанын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Airan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Видеодан скрин

Өрттен кейін Шерзаттың отбасы үйлеріне қайтпаған. Ал оқиға болған дүкен жабық тұрған көрінеді. Отбасы ешкімнен ақша сұрамағандарын, әлдекімдердің өз аттарынан ақша жинағандарын алға тартты.

"Қазір біз ата-анамызбен тұрып жатырмыз. Әкімдік тарапынан ешқандай көмек болған жоқ. Желіде біздің ақша жинап жатқанымыз туралы ақпарат тарады. Белгілі болғандай әлдекімдер атымды жамылып көмек сұраған. Менің бұған қатысым жоқ”, – дейді Шерзаттың әкесі.

Шерзаттың әкесі бастапқыда қоқан-лоқы көрсеткендер болғанын айтты.

"Басында қорқытқандар болды. Ол туралы да ашық айтқан едім. Қазір ондай жоқ, тынышталып қалды”, – дейді ол.

Шерзаттың анасы ұлының қандай болғанын айтып берді.

"Шерзатымызды күнде еске аламыз. Оның өлімі бізге ауыр тиді. Ұлым еркін, ержүрек, мейірімді бала еді. Барлығына көмектесуге тырысатын. Ол ақкөңіл еді. Менің сөзімді жерге қалдырмайтын”, – дейді Шерзаттың анасы.


Талғардағы Шерзат Болаттың өлімі: Күдіктілердің туыстары Шерзаттың әкесін жауапқа тартуды сұрады (видео)


Оқиға болған түні анасы баласын қорғап, оны өлтірмеулерін сұраған.

"Оқиға болған түні әжесі екеуіміз дүкеннің маңына бардық. Олар бізге назар аударған да жоқ. Шабуылдап жатыр екен. Ана ретінде ұлыма тиіспеңдерші деп өтіндім. Менің сөзіме қараған жоқ. Баламды және күйеуімнің бауырын аяусыз соққыға жығып, ұлымды өлтіріп кетті. Көздерінде қатігездік бар еді. Олар әдейі жасады, бәрібір еді. Қазір олардың аналары сол оқиға орнында болғандай айтып жатыр. Балаларының қандай екенін білмей тұра, бізді кінәлап жатыр. Мен кінәлілердің өмір бойына бас бостандығынан айырылғанын қалаймын”, – дейді Шерзаттың анасы.

Шерзаттың әкесі оқиға түні Дархан есімді жігітті сабырға шақырмақ болғанын айтты.

"Дархан деген жігіт келіп пиво алды. Дархан өзі төбелес бастады. Мен ұлымды сабырға шақырдым. Дарханға да қой деп айттым. Бірақ Дархан таныстарын шақырды. Ұлымның да інімнің де достары көп еді. Бірақ біз төбелесті ушықтырмадық. Ешкімді шақырған жоқпыз. Күдіктілердің ата-аналары бізге жала жауып жатыр. Тіпті ол жігіттердің әке-шешелері келіп көңіл де айтқан жоқ”, – дейді Қаржаубай Нұрымов.

Шерзаттың отбасы іс біткеннен кейін Талғардан көшіп кетуге ниетті. Қазір тергеу аяқталуға жақын дейді адвокаттар.

“Қазір тергеу жүріп жатыр. Менің болжамым бойынша жақын арада тергеу аяқталады. Заң бойынша белгілі бір уақыт аралығы бар. Тергеу қажетті жұмыстарды уақытылы жүргізіп жатыр. Екі аптадан кейін іс прокуратураға берілуі керек. Артынша тараптар қылмыстық іс материалдарымен танысады. Қазір екі психолог балалар мен ата-аналарымен жұмыс істеп жатыр", – дейді адвокат Саида Тәуекелова.

Отбасының адвокаттары бірнеше іс бойынша тергеу жүріп жатқанын айтты.

"Бастапқыда тергеу 7 күдіктіні анықтаған. Қазіргі таңда 11 адам “Адам өлтіру” бабы бойынша тергелуде. Сонымен қатар куәгерлер де бар. Тек қана “Адам өлтіру” бабы бойынша ғана емес қылмысты жасыру, қоқан лоқы, өрт бойынша да қылмыстық істер жүргізіліп жатыр”, – дейді адвокат Карина Көшербаева.

Еске салсақ, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы Шерзат Болат көз жұмған еді. Жанжал жасөспірімнің отбасы жұмыс істейтін дүкенде басталған. Жасөсіпірімнің өлімінен кейін Шерзат Болаттың үйін белгісіз біреулер өртеп кетті. Ішкі істер министрлігі Шерзаттың өліміне қатысты 10 адам күдікті деп танылып, бес қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Сондай-ақ министрлік жасөспірімді өлтірді деп айыпталған күдіктілер арасында бұрын сотталғандар бар екенін де растады. 

Осыған дейін Талғардағы Шерзат Болаттың өліміне қатысты жәбірленуші тараптың адвокаттары әлеуметтік желіде тікелей эфирге шығып, тергеу барысы туралы мән-жайды айтып берген еді.

Талқылау