Сәлеметсіз бе бұл арна газет бетінен шығадыма?
Екінші қоятын сұрағым біздің елге Индиядан мысалы біршама мамандар келіп оқиды?
Ал оқуының жартысына келгенде шетелге кетіп ұалады осының себебі неде?
- Әсет, Германияға қалай кеттіңіз?
- Мен Алматыдағы Асфендияров атындағы ұлттық медициналық университетті тәмамдап, Алматы мен елордада шамалы уақыт жұмыс істедім. Студенттік уақыттан Германияға кетуге жоспарлап жүрдім, неміс тілін үйрендім. Германияға арнайы бағдарлама бойынша бардым. Бұл бағдарлама ТМД-дағы мықты дәрігерлерді іздеп, өз елдеріне шақырады. Жұмысқа кіргенше курстар мен тұратын жеріңді төлеп беретін. Қазір бұл бағдарлама жоқ. Негізі мен бұл елге еретерек кеткім келген, 2013 жылы сондай мүмкіндік болды. Бірақ батылым жетпеді. Сөйтіп 2015 жылдың қазанында Германияға келдім.
- Әсет, Орталық қалалық клиникалық ауруханадағы бірінші кезекшіліктен кейін бірден бұл жерде жұмыс істегіңіз келмейтініңізді айтып қалдыңыз. Сонда не болды?
- Бірінші кезекшілік қашан да қиын болады. Оның үстіне мерекелік күн болатын. Көп науқас түсті. Бір науқас өзін қарауға мұрша бермей, үйіне кетіп қалды да шамалыдан кейін жедел жәрдеммен келді. Басқа науқастың жақындары мансаптарын айтып қорқытты. Ол кезде бір-ақ офтальмолог кезекшілік ететін. Абырой болғанда сол кезекшілікте маған әріптесім көмектесіп, сонымен қатар шетелге кетуге болатын бағдарлама туралы айтып берді. Мансабын, жағдайын айтып, қорқыту - мен үшін тың нәрсе емес еді. Бірақ мұны өмір бойы шыдағым келмеді.
- Соңғы жылдары Қазақстаннан 3500 дәрігер шетелге кетіпті. Солай тұра елімізде дәрігерлердің жетіспеушілігі байқалады. Ақ халаттыларды өзге елден бағын іздеуге итермелейтін не?
- Олар неге қалау керек? Ең құрмағанда бір стимулды атай аласыз ба? Мен үшін ынталандыратын жалғыз нәрсе мықты дәрігер болып, халқыма көмектесу болатын, материалдық жағын айтпай-ақ қояйын. Биыл дәрігерлер коронавирусты жаппай жұқтырып жатқанда, сайттардағы комментарийлерге назар аударыңызшы. Онда халықтың пікірі бойынша, дәрігерлер өздеріне вирусты әдейі жұқтырған! Үкімет беретін компенсация үшін. Бізде дәрігерлерге деген құрмет елімізде жоқ.
- Германияның медицинасы бүкіл әлемге өзінің мықтылығымен мәшһүр. Сондай сапаға жеткізіп отырған медиктерге қандай жағдай жасалады? Орташа жалақы қандай? Зейнетке шыққаннан кейін қандай да бір жеңілдіктер қарастырылған ба?
- Бұл Германияға көшерде мен үшін маңызды мәселелелердің бірі болды. Жұмысымның этикалық жағы да маңызды. Ешкім маған келіп, мен ананың баласымын, ана жерде жұмыс істеймін, мені басқаша емде деп айтпайды. Қаржылық жағын алсақ, айырмашылық жер мен көктей. Мен жұмысқа 2016 жылы тұрғанда ең аз жалақы 2300 евро болатын. Бұл салықтарды алып тастағанда. Кезекшілікті қосқанда, бұл сома екі не одан көп есе өседі. Тіпті салыстыруға болмайды. Қағазбастылық ол жерде де бар, бірақ біздікіндей емес. Мен елімізде бес жыл бұрын істедім, ол кезде ауру тарихы қолмен не компьютерге теріліп жазылатын. Бұл жерде дәрігердің сөйлегенін жазба нұсқаға түсіретін құрылғылар бар. Бұл аз уақытыңды алады, көп нәрсе автоматтандырылған. Бізде зертханалық сараптамалар нәтижесін қолмен енгізу керек, бұл да уақыт алады. Мен кішкентай қаладағы кішкентай ауруханада жұмыс істеймін. Бірақ соның өзінде мұндағы техникалық жабдықтауға Алматыдағы кез келген аурухана қызыға алады. Әрбір дәрігердің Ipad пен телефоны болады. Науқастарға рецепт жазып беру үшін, науқастың ауру тарихын, зертханалық талдамалары мен КТ мен рентген тәжилерін қару үшін өте қолайлы.
- Қазақстанда дәрігерлерге деген бөлек көзқарас қалыптасқан. Сыйақысын бермесең, отаңды дұрыс жасамайды, көмектеспейді деген пікір бар. Германияда халықтың ақ халаттыларға деген сенімі қандай?
- Дәрігерлерге деген қарым-қатынас басқа. Сенім бар. Мәселен, операциядан кейін асқынулар болған науқастар ауруханада ұзақ жатса да, кейін дәрігердің көмегі керек болса, бәрібір бізге қайтып келеді. Өйткені бізге сенеді.
- Бізде дәрігерлік жауапкершілікке қатысты дау-дамайлар басылар емес. Ал Германияда дәрігерлік қателік орын алғанда, қандай жауапкершілікті арқалайды?
- Германияда түрлі сақтандыру көп, оның бірі жауапкершілік сақтандыруы. Егер дәрігерлік жауапкершілікке қатысты күмән туып жатса, дәрігер өзінің жұмысын жасай береді, оның заңгерлері мәселені шешеді. Қуанышқа қарай, мұнымен бетпе-бет келіп көрген жоқпын. Германияда дәрігерді қамауға алу мүмкін емес деп айтылады. Бұл өте сирек орын алатын жәйт. Дәрігерлік қателік деген не? Кейде асқынулар науқасқа қолданған емге емес, ағзаның ерекшеліктеріне байланысты болуы мүмкін.
- Біздің дәрігерлерді ынталандыру үшін отандық денсаулық сақтау жүйесінде не өзгерту қажет? Не енгізу керек?
- Бұл сауалға жауап беру қиын. Тек қана денсаулық сақтау саласында ғана емес, көптеген салаларда өзгеріс болуы тиіс. Дәрігерлердің тек қана жалақсыны көтеру - барлық мәселелердің шешімі бола алмайды. Жалақы да, қағазбастылық та, техникалық қамтамасыз ету де, халықтың қарым-қатынасы да - барлығы үлкен рөл ойнайды.
- Біздің елде жүрек-қан тамырлары мен онкологиялық аурулар бойынша өлім-жітім бірінші орындарда тұр. Біздің өмір сүру салтымыз, тамақтану әдеттері осы ауруларға әкелетін болуы керек. Қалай алдын алуға болады?
- Германияда да өлім-жітімнің алғашқы себептері жүрек-қан тамырлары мен онкологиялық аурулар. Оларды тудыратын басты себептер деп темекі шегу, толықтық пен ішімдікті пайдалануды айтар едім. Бұл үш мәселе Отанымызда да, Германияда да көкейтесті. Тек темекі бұл жерде қатты қымбат, сондықтан болар халық азырақ темекі шегеді. Қан айналымының бұзушылығы немесе 3, 4-нші деңгейдегі рак ауруы тіркелген науқастар, асқазан жарасы - бұл темекіні көп шегетін адамдардың проблемасы. Бұл жерде өмір сүру ұзақтығы жоғары, сондықтан егде жастағы науқастар бізге көп жүгінеді. Менің әжемде жамбас буынының сынығы болған. Оған жасының егделігін алға тартып ота жасалмады, әжем ол кезде 90-нан асқан еді. Германияда жасыңызға қарамастан 48 сағат ішінде ота жасалады.
- Әсет, Германияға көшкелі қандай пайдалы әдеттерді үйрендіңіз?
- Тәртіп, шынайы болу, жинақы болу, уақытылы жету.
- Қазақстандық медициналық білім беру сапасы әлемдік стандарттарға жауап бере ме?
- Мен осы жерде жұмыс істеп жүрмін, Ресей, Беларусьтан шыққандар көп, соған қарағанда жауап беретін болуы керек. Көп нәрсе университетке емес, адамның өзіне байланысты. Университет немесе академия тек маман болуға көмектеседі. Ал маманға айналатын адамның өзі.
- Қазір Францияда мектеп мұғалімінің өлімі талқыланып жатыр. Бүкіл әлем екіге бөлінді. Бұған қатысты не айтасыз? Елге, ұлтқа, дінге қатысты қандай да бір дискриминацияны өзіңіз өткердіңіз бе?
- Әрине, бұған деген көзқарас теріс. Мұнда да бір рет дискриминация болды. Бір науқас бұл елге қалай тез кірсем, солай тез шығуымды талап етті. Тікелей емес, медбикелер арқылы. Басшының орынбасары бұл оқиға туралы естіп, науқасқа өте қатаң түрде мұндай әңгімелерге жол берілмейтінін жеткізді. Мұнда да ұлтқа бөлінетін адамдар бар. Олар бізде де бар. Бірақ жергілікті халықтың тілінде сөйлеп, олардың мәдениетін, ділін бңлңп, сыйласаң - ешкімнің де қоятын талабы болмайды.
Сұхбатты дайындаған: Жанар ЖАНСЕЙІТ
Сәлеметсіз бе бұл арна газет бетінен шығадыма?
Екінші қоятын сұрағым біздің елге Индиядан мысалы біршама мамандар келіп оқиды?
Ал оқуының жартысына келгенде шетелге кетіп ұалады осының себебі неде?