Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.
Олжас Сүлейменовтің жол апатынан мерт болған немересі де өлең жазған
Олжас Сүлейменовтің жол апатынан көз жұмған немересі немересі Ескендір Сүлейменовтің өліміне қатысты сот процесі соңына жетті. Ескендір жайлы досы Қуаныш Тұратаев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мен Ескендірдің досы әрі әріптесімін. Біз ұлттық компанияда бір жылдай бірге жұмыс істедік. Менің әйелім мен Ескендір Францияда бірге оқыған. Менің зайыбым оны өзінің бауыры деп есептейтін. Ол біздің отбасы үшін өте жақын адам еді. Бір-бірімізді бұрын сырттай білгенімізбен, кейін Алматыда таныстық. Ескендір сенімді дос әрі әріптес еді. Қиын сәттерде сенуге болатын нағыз азамат болатын. Жақындары мен туыстарының қуанышына шын жүрегімен қуана білетін. Ол шынайы адам еді. Көкжиегі кең болатын. Өнерді жақсы түйсінді, поэзияны сүйді. Өлең жазып жүрді. Итальян және ағылшын тілін жетік білді», – дейді Ескендірдің досы.
Досының айтуынша, Ескендір өз ортасына сыйлы, жан-жақты қабілеті бар азамат болған. Компанияның жауапты департаментте жұмыс істеген.
«Ол өте ашық адам еді. Сүйіктісін, туыстарын, достарын жақсы көрді. Біз үнемі бірге түстенетінбіз. Сондай түскі астардың бірінде үйлену туралы ұсынысты қалай жасауға болатыны жөнінде ақылдасқанымыз бар. Оның әріптесі ретінде айтарым – ол біздің компанияның жауапты департаменттерінің бірінде еңбек етті. Жауапкершілігі мол маман, салмақты сарапшы болды. Ұжым оны байсалды әрі жауапты маман ретінде біледі. Онымен кез келген уақытта ақылдасып, маңызды сұрақтардың жауабын табуға болатын еді. Ескендірдің дипломатиялық қасиетін білген басшылық оны іскерлік келіссөздерге жұмылдырып та жүрді. Қысқасы, оны ұжымда бәрі бағалайтын, жақсы көретін», – деді Қуаныш Тұратаев.
Ескендір шетелде оқуын аяқтаған соң Қазақстанға оралмақ болған.
Жәбірленуші тараптың адвокаты Дамир Сандинов айыпталушы Малика Мұхитовадан 14 млн 753 мың теңге материалдық шығын өндіруді сұрады.
Естеріңізге сала кетсек, 22 маусымда Олжас Сүлейменовтің немересі Ескендір Сүлейменов жол апатына қаза болды. Ол мотоцикл жүргізіп келе жатқанда жеңіл көлікке соқтығысқан. Өткен аптада Олжас Сүлейменовтің немересін қағып өлтірген қыздың қорғаушысы өтемақы төлеуге дайын екендерін айтқан болатын. Ескендір Сүлейменовтің өліміне кінәлі қыз оның ата-анасынан кешірім сұрады.

Министр Нұртілеуді ұстады деп жалған ақпарат таратқан Orda.kz құрылтайшысы кім және оны қандай жаза күтіп тұр?
