Өлтіріп кетеміз деді: “Беш” клипінен кейін әлдекімдер Әли Оқаповқа сес көрсеткен
Әли Оқапов бірнеше жыл бұрын елді шулатқан оқиғаға қатысты пікір білдірді. Ол аңдамастан халықты “топастар” деп атағаннан кейін әлдекімдердің өзіне сес көрсеткенін ашық айтты. Алайда мәселенің байыбына бармастан Роза Рымбаеваны айыптай жөнелгендерді әлі де мәдениетсіз санайтынын кесіп айтты.
Бұл туралы Оқапов Гәкку FM радиосының “Если честно” бағдарламасында айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпараттық агенттігі.
“Иә, халықтың айтқан сыны орынды. Неге? Себебі біз қандай клипке түсетінімізді анықтаған жоқпыз. Мен ол әннің жазылуына қатысқан жоқпын, анамды бақыламадым. Анам неге қатысайын деп жатыр деп қызығушылық танытпадым. Түсірілімге қатысып, кетіп қалдық. Ал одан басқа клипте не бар екенін білмедік. Оны сұрамадық. Өзіңе қатысы бар нәрселерге жіті көңіл бөлу керек екен, біздің қатеміз сол”, – дейді Оқапов.
Бүгінде қатесін мойындағанымен, сол шақта Әли анасын сынағандарды “топас” деп атаған еді. БАҚ-қа берген сұхбатында ол: “Анам туралы жаман сөздер жазғанда мен шыдай алмаймын. Өйткені ол сөздерді жазған адамдар кімдер? Ешкім. Компьютердің қасында отырған мәдениетсіз топас адамдар”, – деген еді.
Әли аталған пікіріне қатысты ойының өзгермегенін айтты. Алайда өзінің де артық кеткенін жасырмады.
“Адамдар мен туралы, өнерім, даусым, достарым жайлы не болса соны айта беруіне болады. Бірақ менің анам мен інім – өмірімдегі барым. Олар әрқашан менің қасымда болған жандар. Сондықтан оларға қатысты біреу жағымсыз сөз айтса, шыдай алмаймын. Бірақ мен өз сөздерімнен бас тартпаймын. Әлі де ол мәдениетсіздік деп санаймын. Ол көптеген адамдардың анасымен, тіпті кейбірінің әжесімен жасты. Тек төмен деңгейлі “топас” сөзін қолданбауым керек еді. Жай ғана мәдениетсіз адамдар деп айтуға болар еді”, – дейді ол.
Ол қандай жағдай болмасын анасын әркез қорғайтынын айтты. Алайда халыққа деген ренішін дұрыс жеткізбегенін тілге тиек етті. Сол үшін де кешірім сұрадым, – дейді Оқапов.
“Шыны керек, қатты уайымдадым. Себебі сол сұхбаттан соң үш күннен кейін үлкен алаңда өнер көрсетуім керек болатын. Маған әлдекімдер қоқан-лоққы көрсетіп, өлтіріп кетуге уәде берді. Сонда досым Алмас Кішкенбаев менің қауіпсіздігімді қамтамасыз ететін адамдардың көмегіне жүгінуді ұсынды. Бірақ мен бас тарттым. Мүмкін мен соған лайық шығармын дедім”, – деп еске алады Әли.
Алайда әншіге сес көрсеткендер сол күйі концерт алаңына келмеген. Қатты қобалжыған Әли үш әннен кейін халықтан кешірім сұрағанын айтады.
Жіберіп алмаңыз:
Әндерімді өзім де тыңдамаймын: Әли Оқапов “даусы жоқ дарынсыз” деп сынағандарға жауап берді
Салтанат Бақаева үшінші перзентін дүниеге әкелді
Айқынды депутаттар жиынынан көрген халық таңғалып қалды
Бірсарынды әрі қызықсыз: Мөлдір Әуелбекованың жаңа бейнебаяны қатал сынға ұшырады (видео)