Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова басшылық қызметінен кетті
Фото:ҰОК
Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова Қазақстан жеңіл атлетика федерациясындағы басшылық қызметінен кетті. Бұд туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оның орнына "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы басқарма төрағасы Асхат Хасенов сайланды.
Ольга Рыпакова бұл қызметке 2024 жылдың желтоқсан айында тағайындалған еді.
Федерацияның жаңа басшысы Асхат Хасенов 1983 жылғы 13 қазанда дүниеге келген. Ол Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін "Мұнай және газ ұңғымаларын бұрғылау" мамандығы бойынша, сондай-ақ Халықаралық бизнес университетін "Менеджмент" мамандығы бойынша тәмамдаған.
Асхат Хасенов "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы қызметіне тағайындалғанға дейін 2022–2024 жылдары энергетика вице-министрі болып, жер қойнауын пайдалану және мұнай-газ химиясын дамыту бағыттарына жетекшілік еткен.
Айта кетейік, ал Ольга Рыпакова Қазақстан спорты тарихында Олимпиада ойындарының барлық жүлде түрін жеңіп алған санаулы спортшылардың бірі. Ол спорттық мансабында 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында күміс медаль, 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында алтын медаль және 2016 жылғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасында қола жүлде иеленген.
Шымбұлақтан да үлкен жаңа Көкжайлау тау шаңғысы курорты салынады: Жоба алматылықтар үшін не береді

