Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақмола облысында 5 адам сібір жарасын жұқтырды: Ауылға ешкім кіріп-шықпайтын болды

"Сібір жарасы" шыққан ауылдан елордаға ауылшаруашылық өнімдері жеткізілмейді. Бұл туралы үкімет отырысынан кейінгі брифингте Сапархан Омаров мәлімдеді. Сондай-ақ, министр қауіпті індеттің қайдан шыққанын да айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап. 

аурухана

"Сібір жарасы" ошағына айналған елдімекен тұрғындарының әрі-бері қатынауына қатаң тыйым салынады. Жұқпалы індеттің тарауынан қорыққандарды министр осылайша даурықпауға шақырды. 

"Сол жердегі ауыл шаруашылығы өнімдері Астанаға жете ме деген. Жоқ! Ол жерде барлығы қазіргі күні жабылған. Ештеңе шықпайды. Нұр-Сұлтанның тұрғындарының қауіптенуіне ешқандай себеп жоқ. Сібір обасының себебін айтатын болсақ, ол жерде ол малдан тарқатылмаған. Бұл топырақтан шыққан", - деді ҚР ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров.  

Министрдің айтуынша, "Сібір жарасы" малдарға жайылып жүргенде жұғуы мүмкін. Өйткені, 1948 жылғы эпидемия қалдықтары сол маңда көмілген. Ал елордадан 80 шақырым қашықтықтағы Ольгинкада қазір 323 ірі қара, 113 қой, 146 шошқа мен 56 жылқы тіркеуде тұр. Мамандардың мәліметінше, барлығы екпе алған. Биыл екпе 16 сәуір, артынша 23 мамырда салыныпты. Сондықтан, малдың иммунитеті төмендемесе, басқа себеп жоқ, дейді. 

"Вакцина шыққан уақытта 100 пайыз  иммунитет болады деген түсінік жоқ. Жүз процент жаңағы малдың бәрі түгелімен иммунитет сақтамайды. Әртүрлі деңгейде малдың ішінде болып жатқан процестерге байланысты мысалы үшін сол жаңағы өлген сиырдың өзі 2 ақпанда жалғайды, ал сәуір ішінде егіледі. Соған байланысты кейбір жағдайларда кейде иммунитет ұстамай қалуы мүмкін", - дейді ҚР АШМ ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы Арман Өтеғұлов. 

Биыл Ақмола облысындағы малдарды вакцинациялауға 247 миллион теңге қаражат жұмсалыпты. Алайда барлық жағдай жасалғанымен, жай мәз емес. Сондықтан, қазір ауру ошағында еліміздің әр түкпірінен шақыртылған ең білікті мамандар зерттеулер жүргізіп жатыр. 

"Сібір обасына қарсы Ольгинка ауылында биылғы жылы сәуір айында толығымен вакцинация өткізілген. Бұл вакцинацияға сол жердегі барлық малдың иелері өздері қатысып сол вакцинация өткізілгені жөнінде құжаттарға қол қойылған. Бұл вакцинация жөнінде айтып кететіні: егер малдың етіне байланысты айтатын болсақ, бұл жағдай осы 14 тамыздан басталған. Мал негізі 13-14 тамыз күндері  сойылған", - деді ҚР ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров. 

Министрдің сөзінше, ет ешқайда шықпаған. Тек тұрғындар сойылған малдың ауру екенін білмей, округтегі үш ауылға сатыпты. Қолға түскен 80 пайыз ет өртеліп, 20 пайызы желініп үлгерген. Қазір етті алған 95 адам тексерілуде. Ал ауруды жұқтырған 5 адам дәрігерлердің жіті бақылауында. Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті маманы ауру малдың етінен қалай сақтануға болатынын айтып берді. 

"Көпшілік етті сатып алмай тұрып, ветеринарлық анықтама талап етуі шарт. Ет жергілікті атқару органдары бекіткен жерлерде ашық сатылуы тиіс. Сондықтан, қайдан келгені белгісіз әрі сатушысы түсініксіз, күмәнді жерден оны тұтынбаған жөн. Етті заңды сататын жерде оның құрамын тексеретін мамандар болады. Сондықтан, көшелерде, аулада жасырын ет сатушыларға жоламаған дұрыс. Егер еттің таза екеніне көз жеткізгіңіз келсе, міндетті түрде кепіл құжаттарын сұрау керек. Сібір жарасы еттен ғана емес, мал сүтінен де жұғады", - деді қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Сәдуақас Байғабылов 

Елімізде "Сібір жарасының" 2500-ден астам ошағы бар екен. Мамандар олардың барлығын қайта залалсыздандыру қажеттігін айтады. Ал  259 тұрғыны бар Ольгинкадан қазір ешкім сыртқа кіріп-шықпайды. Карантин толық тексеріс жүргізілген соң ғана аяқталмақ.
 

Талқылау