"Оларға барлық жол ашық": Түркістан облысында полиция басшылары 400 миллион теңгелік майнинг жабдығын ұрлады деп айыпталды
Фото: Желі кадрларынан скрин
Түркістан облысында тұрғын өзінің 400 миллион теңге тұратын майнинг жабдықтарының ұрланғанына жоғары лауазымды полицейлердің қатысы бар деп айыптады. Айтуынша, күдіктілердің бірі – он жылдан аса басшылық қызмет атқарған подполковник. Ол қамауға алынғаннан кейін көп ұзамай түсініксіз жағдайда үй қамаққа жіберілген. Ал іс онымен бірге жұмыс істеген судьяға тапсырылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тұрғынның айтуынша, оқиға 2024 жылдың 11 қарашасында болған. Түлкібас ауылында оның 400 миллион теңгелік майнинг жабдықтары айып тұрағынан ұрланған.
“Үнсіз қалудан шаршадым. Түркістан облысының жоғары лауазымды полиция қызметкерлерінің қатысуымен болып жатқан бассыздық туралы ашық айтатын уақыт келді. Бұл жай ұрлық емес. Бұл – заңды қорғауы тиіс адамдардың өздері қатысқан қылмыс. Істе екі жоғары лауазымды полицей бар. Бірі подполковник, Түркістан облысында 10 жылдан аса басшылық қызметте болған. Оны биыл наурызда қамауға алды. Бірақ көп ұзамай түсініксіз себеппен үй қамаққа жіберді. Ал екіншісі Түркістан облысы есірткіге қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары. Қылмыспен күресуі керек адам, керісінше өзі соған араласқандай”, – деді ол.
Тұрғын кейін тек 418 аппаратын қайтара алғанын жеткізді. Алайда 700-ден аса жабдық із-түзсіз жоғалған. Алайда сонда да істі құзырлы органдар тоқтатуға тырысыпты.
“Түркістан облысына өзім баруға және жеке тергеу жүргізуге тура келді. Барлық құрылым ішінен маған шын көмектескен бір ғана жедел уәкіл болды. Соның арқасында біз сатып алушыны таптық. Тергеу басталғанда, қорғаушылар істі тоқтатуға, созуға тырысты. Тек мен барлық дәлелдерді әлеуметтік желіге жариялап, халық мәселені көтергеннен кейін ғана тергеу алға жылжып, күдіктілердің көбі ұсталды. Бірақ резонанс басылғанда подполковник қайтадан ұстау изоляторында емес, үйінде жүр. Шымкенттегі судья Темералиев бұл істі айыпталып отырған полицейлермен бұрыннан бірге жұмыс істейтін судьяларға тапсырды. Яғни енді олардың ісін өз әріптестері қарайды. Осылайша сот жүйесіне деген толық сенімсіздік пайда болады. Бір жақ үнсіз қалуға мәжбүр, ал екінші жаққа барлық жол ашық. Біз үнсіз қалмаймыз”, – деп қосты ол.
Stan.kz тілшісі осы жағдайға байланысты Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметінен пікір сұрады.
“Сот бұл істі қызмет өкілеттігін асыра пайдалану, ірі көлемде қорқытып алу және ұйымдасып жасалған ұрлық айыптары бар күрделі іс ретінде Түркістан облысының мамандандырылған сотына қарауға жіберді. Себебі, қылмыстық құқықбұзушылық Түркістан облысы, Түлкібас ауданының аумағында орын алған. Сол ауданның аумағында аяқталған. Қазіргі таңда, аталған қылмыстық іс Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына 27 қараша 2025 жылы түскен. Алайда істі өндіріске қабылдаудың процессуалдық мерзімдерінің болуына байланысты басты сот талқылауы тағайындалмаған. Сонымен қатар, сотталушылардың (күдіктілердің) бұлтартпау шараларын өзгерту мәселесі, істі қабылдағаннан кейін қаралатын болады”, – деп жауап берді сот.