Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Олар билік басына ұзақ уақытқа келді": Тоқаев Қазақстан "Талибанды" мойындай ма деген сұраққа жауап берді

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Владивостокта (Ресей) өтіп жатқан Шығыс экономикалық форумында модератордың Қазақстан "Талибанды"* мойындай ма деген сұрағына жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап.

"Бұл ойланарлық сұрақ. Сонымен қатар, тиісінше, қырағылықты талап етеді. Мен бүгінгі жиында тәліптердің әрекетін мұқият қадағалайтынымыз туралы үш рет айттым. Барлығы осыған байланысты. Бірақ реалистік көзқарасымыз бойынша тәліптердің ел билігіне ұзақ уақытқа келгендігін де жоққа шығара алмаймыз. Мен бұрын айтқандай, біз дәстүрлі түрде Ауғанстанмен сауда қатынасын жалғастырамыз. Біз бұл режимді қолдап-қолдамайтынымызға да аталған фактор тиісінше әсер етеді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол тағы бір маңызды жағдай бар екенін атап өтті.

"Бұл бір кездері БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде қабылданған екі қарар. 2003 және 2011 жылдары бұл қозғалыс заңсыз деп танылған болатын. Яғни, егер біз "Талибан" қозғалысын мойындау мәселесіне келетін болсақ, әрине, біз осы екі қарарға барынша назар аударуымыз керек. Және бұл жерде Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелері - Ресей, Қытай, АҚШ, Франция мен Ұлыбританияның рөлі шешуші маңызға ие. Менің ойымша, біз БҰҰ аумағына қайта оралатынымыз аса маңызды", – деп атап өтті Президент.

*Талибан – Қазақстанда тыйым салынған террористік ұйым

Ақберен Амангелді
Жұма, 03 Қыркүйек, 2021 15:32
Талқылау