"Олар бәрімізді жұмыстан шығарайын деп отыр": Екібастұзда бір топ жұмысшы ереуілге шықты
Екібастұздағы "Бас карьер" серіктестігінің жұмысшылары ереуілге шықты. Олар жұмыс жағдайына, жалақының аздығына шағымданып, наразылықтарын білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: tipavlo.dar/ instagram.
Әлеуметтік желіде өз наразылығын айтқан кеншілердің видеосы тарады.
"Бізде "Бас карьер" мекемесінде жұмыс істеуге мүлде жағдай жасалмаған. Біз ереуілге шықтық. Алайда, олар біздің барлығымызды, 120 адамды арнайы бап бойынша жұмыстан шығарғысы келеді, өйткені біз осында келдік, компанияның жұмысы тоқтап қалды", - дейді ереуілге шыққан кеншілердің бірі.
Видео авторының айтуынша, кәсіпорын кәсіби мерекеге арналған сыйақыны да бермеген. Ал жаңа басшылар ылғи жұмыстан шығарамыз деп қорқытады.
"БАС Карьер" ЖШС бір топ қызметкері наразылықтарын жеткізу үшін жұмыс алаңына жиналған.
Ал "БАС Карьер" ЖШС желіде тараған ақпаратты жоққа шығарып, жалақының уақытында төленіп жатқанын мәлімдеді.
Компания жүк көлігі нарығындағы қызметін 2020 жылдың шілдесінде бастағанын атап өтіп, жағдайға түсініктеме берді.
"2023 жылы өндірістегі жұмысшылардың жалақысы 20 процентке көтерілді. Бүгінде олардың орташа жалақысы 400-450 мың теңгені құрайды. 27 тамыздағы жағдай бойынша компанияда жұмысшылардың жалақысы бойынша ешқандай қарыз жоқ. Дегенмен компания басшылығы қосымша қаржы бөліп, өндірістегі жұмысшыларға сыйақы төлеуге шешім қабылдады", - деп атап өтті "БАС Карьер" ЖШС қызметкерлері.
Сондай-ақ компания әлеуметтік желілерде жалақының кешігуі және еңбек жағдайларының жарамсыздығы туралы тараған ақпарат "шындыққа сәйкес келмейді",- деп мәлімдеді.
Сыйақының жартысы 15 қыркүйекке дейін түссе, қалғаны 15 қазанға дейін аударылатыны туралы да хабарлады.