Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Оқушының басын тақтаға ұрған”: Ақмола облысында мұғалімге қатысты тергеу басталды

Ақмола облысында оқушының басын мектеп тақтасына ұрған мұғалімнің әрекетіне қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Осы әрекеті үшін мұғалім үш жылға дейін немесе одан да көп мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айырылуы мүмкін немесе 160 АЕК-ке дейінгі айыппұл, сол мөлшердегі түзеу немесе қоғамдық жұмыстарға тартылады. Басқа жағдайда мұғалім 40 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін.

"Аршалы ауданы, Жібек жолы ауылындағы орта мектепте болған оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің 140-бабы 2-бөлігі "Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында тиісті сараптамалар тағайындалды", – делінген Ақмола облыстық полиция департаментінің хабарламасында.

5 қазанда мектептің тарих пәні мұғалімінің іс-әрекеті педагогикалық әдеп жөніндегі кеңесте қаралған, мұғалім еңбек кодексі негізінде жұмыстан босатылды. Мектеп директоры мектеп мұғалімінің педагогикалық этика нормаларын сақтауын жеткіліксіз бақылағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Естеріңізге сала кетейік, 4 қазан күні әлеуметік желіде мұғалімнің мектеп тақтасына оқушының басын ұрған видеосы тараған болатын. Оқиға Ақмола облысы Жібек жолы ауылындағы Иманжүсіп Құтпанұлы атындағы орта мектепте болған.

Талқылау