Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Оқушылар тыныс ала алмай, жөтеле бастады": Дезинфекция денсаулыққа кері әсер ете ме?

Дертке дауа, әлде ауаны улау ма? Желіде кезекші сыныпқа барған балалардың көбін жөтел қысып, жоғары тыныс алу жолдарын күйік шалғаны туралы ақпарат тарап жатыр. Дезинфекцияға пайдаланатын химикаттар осындай кері әсерін береді-мыс. Алайда бұл қаншалықты рас? Бұған қатысты жауапты органдар не дейді? Жалпы мектептерде дезинфекция жұмыстары қалай жүргізіледі?

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Даудың басы уатсаптағы мына аудиодан басталды. Чаттарда гу-гу әңгіме. Бір топ ата-ана «балам мектепке барып, ауырып қалды» деп шу шығарып жатыр.

Ата-ананы абай болуға шақырған аудио шындыққа жанасады екен. Тек оның авторлары Ресейде тұрады. Көрші елде кезекші сыныпқа барған балалардың бойынан осындай симптомдар байқалыпты. Дегенмен біздің елде мұндай жайттар тіркелмеген. Жауапты органдар осылай деп жұбатты.

«Мектептерде бүгінгі күні тазарту жұмыстарын жүргізетін компаниялар бар. Ол компаниялар толық сертификатталған өнімдерді пайдалануы тиіс. Мектептерді тазартатын компаниялар мектептің өзімен келісім-шартқа қол қойып, әрі қарай сол келісімшартпен жұмыс жасайды», - деді санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев.

Дегенмен дезинфекция төңірігенде туындаған бұл алғашқы дау емес. Шілдеде көшедегі көгершіндердің жаппай қырылғанын көз көрді. Осы ретте, балалардың қауіпсіздігі қаншалықты деңгейде екенін аңғару үшін, бас қаладағы мектептердің біріне бас сұқтық. Сыныптарды сағат сайын тазалаймыз дейді.   

Ал дезинфекция құралы ретінде пайдаланатын әр өнімді әуелі жіті тексереміз дейді. Өйткені, химияның аты химия. Әсіресе, ата-ана тарапынан, дезинфекциялық туннельге қатысты сыни пікірлер көп екен. Оған не қосады? Денсаулықққа қауіпті емес пе деген сұрақтар жиі мазалайды көрінеді.

«Арнайы дизхлорлар талаптарға сәйкес сертификатталған болады біріншіден. Екіншіден жеткізуші бізге өнімді алып келгеннен кейін біз арнайы нормаларға сәйкес болуы үшін СЭС-тың лаборотириясына жіберіп, ол өнімнің сапаға сәйкес екеніне көз жеткізіп, ғана ол өнімді заласыздандыру туннеліне қосамыз», - деді №65 мектеп-гимназиясының директоры Нұргүл Елекеева.

Сондықтан, уайымдайтындай еш себеп жоқ. Дезинфекциядан бірде-бір бала зардап шекпеді деп сендірді. Осы ретте елдегі эпид ахуалды да айта кетейік. Қазіргі уақытта 9500 науқас ковидтен ем қабылдауда. Солардың 500-ге жуығы бала. Айтпақшы балалардың үштен екісі инфекцияны мектептен емес, үйлерінде оқып-ақ жұқтырған екен. 

Талқылау