Оқу-ағарту министрі ақтөбелік еден жуушыны марапаттады
Фото: Ақтөбе облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі
Ақтөбеде 12 жылдан астам №41 мектеп-гимназияда қызмет етіп жүрген кіші қызметкерді оқу-ағарту министрі марапаттады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Астанада өткен республикалық тамыз конференциясында білім саласы қызметкерлерімен қатар сол салада жұмысшы боп жүргендерді құттықтады. Мұндай шара алғаш рет болып отыр.
“Ғани Бейсембаев білім саласының озық қызметкерлерін ғана емес, білім беру жүйесімен тығыз байланыста жүрген қызметкерлерді де марапаттады. Олардың қатарында мектептер мен балабақшалардың кіші қызметкерлері болды. Төреханова Гүлшат Бағашқызының марапатталуы өңір үшін қуанышты хабар болды. 12 жылдан астам Ф.Оңғарсынова атындағы №41 мектеп-гимназиясында кіші қызметкер болып жұмыс істейді. Мектептің тазалығы мен тәртібіне сүйіспеншілікпен, жауапкершілікпен қарайды, оқушылар мен ұстаздарға жайлы, жылы жағдай жасайды”, – деді облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы Ләзат Асабаева.
Еске салайық, 2023 жылдың қазан айында Асхат Шахаров Ырғыз өңіріне жұмыс сапарымен барған еді. Әлеуметтік нысандардың құрылыс барысымен танысып, Ырғыздағы ауыл мектептерін, проблемалық нысандарды аралаған. Мәселен, 300 орындық гимназияда су мәселесі туындап, бұл жөнінде әкім мен облыстық білім беру мекемесінің басшысы Жайық Сұлтанға еден жуушы айтып берген. Осыдан кейін әйел жұмыстан шығарылған.
Гүлшат Төреханова көп балалы ана, әже атанып үлгерді.

Назарбаев зияткерлік мектебінің тәжірибесін алу үшін бөлінген 22 млрд теңге діттеген мақсатқа жетпеген
