ОҚО-да зорланған 8-сынып оқушысының анасы халыққа жан айқайын жеткізді (видео)
Бүтіндей бір отбасының берекесін қашырған оқиға ОҚО-ның Бәйдібек ауданына қарасты Шаян ауылында болған. 10-мамыр күні белгісіз біреулер 8-сыныпта оқитын оқушы қызды сабақтан кейін ұрлап кетіп, Шымкент қаласына апарып зорлаған.
Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Бұл уақытта қыздарының жоғалғанын білген ата-ана бірден полицияға жүгініп, тіпті бірнеше полицеймен бірге қыздың соңына түсіпті. Ақырында қыздарын аман-есен тауып келген. Алайда сорақысы сол, құзырлы органдарға қанша арыз жазылса да, 14 жастағы қызды ұрлап, зорлаған жігіт емін-еркін бостандықта жүр.
Шарасы таусылған ана халыққа видео-жолдау арқылы жан айқайын жеткізіп, көмек сұрады. Видеоны Facebook-ке Айгүл Орынбек есімді құқық қорғаушы жүктеді.
«Қызым таңғы сағат 8-дерде сабаққа кеткен. Сабақтан кешіккеннен кейін телефон соққанымда, тұтқаны бір бала көтерді. Біреу алғандықтан, айқай-шу шығардым. Шымкентке алып кеткен екен. «Уайымдамаңыздар, қыз менің қасымда» деп бала телефонды өшіріп қойды. Қайта-қайта телефон соққанымда: «Уайымдамаңыздар, айыпшы (авт. Оңтүстікте алып қашқан қыз туралы хабар беру үшін қыздың үйіне баратын адам) барады», – деп қоя салды.
«Мектеп қабырғасында оқитын өзі денсаулығы жоқ қызымды қалай алып кетіп отырсың?» – дегенімде: «Барған айыпшылар жауап береді», – деді. Бір емес бірнеше рет хабарластым. Әкесіне де: «Істейтініңді істеп ал!» – деп айқайлап берді. Әжесі хабарласқан кезде де: «Уайымдамаңыздар» деп қоя салған», – дейді зорланған қыздың анасы.
Бұдан кейін әйел РОВД-ға арыз түсіріп, өзінің қайын енесі, ағасы және інісімен және 4 бірдей заң қызметкерімен бірге Шымкентке жақын маңдағы Сазтөбе елді-мекеніне (хабарласқан телефон нөмірі арқылы қыздың осы жерде екені анықталған) жол тартқан.
«Барғаннан кейін қызымызды таба алмадық. Сазтөбеде келін түскен үй бар ма деп үш ауылды іздедік. Сұрастырып жүргенімізде бір бала бір үйді нұсқап кетті. Ол үйден бір жігіт шығып: «Жүріңіздер, айқай-шу шығармай сөйлесейік», – деп бізді үлкен трассаның бойына алып келіп, өзімізге қоқан-лоққы көрсетті. Жас бала, соның туысқаны. Қасымызда полиция бар, оларға да бірталай әңгіме айтты. Полициядан да қорқып тұрған жоқ.
Ол бала кімің болады деп сұрағанда жас бала: «Нағашым болады. Не қыласыңдар? Істейтіндеріңді істей беріңдер», – деп өзімізге сес көрсетті. Ақырында болмағаннан кейін мамам екеуміз жалынып, бір полицей жігітпен бірге үшеумізді Беловодқа алып келді. Қыз бен бала да сол жерге келді», – дейді әйел.
Одан кейін әйел қызын аман-есен үйіне алып келген. Ауылға оралғаннан кейін ертесіне құзырлы органдарға, прокуратураға арыз түсірген. Қызын дәрігерге қаратып, зорланғанын анықтаған. Алайда арада бір ай өтсе де одан еш нәтиже шығар емес. Тіпті, кәмілеттік жасқа толмаған қызды зорласа да, қылмыскердің үстінен ешқандай қылмыстық іс қозғалмаған.
«Прокуратурадағылар да, тергеушілер де: «Бар, кет. Қыз өзі жауап берсін, сіз ештеңе түсінбейсіз, сөйлей берме» – деп қуып жіберді», – дейді зар жылаған ана.
Сорақысы сол, сараптама нәтижесі қолдарына тисе де, заң қызметкерлері 14 жастағы қыз алдын ала жыныстық қатынасқа түсіп қойған деп бар кінәні оқушының өзіне жауып отыр екен.
“Қызымның денсаулығы жоқ, үйден шықпайтын қыз, қалай барады ондайға? Қызым соңғы 3-4 жылдан бері жүрек ауруы бойынша дәрігер есебінде тұрады. Оны Шымкенттегі, тіпті, Астанадағы барлық кардиолог дәрігерлер біледі. Көз алдымнан шықпаған қыз. Жүрегі тарсылдап кетіп, құлап қалады. Өзі аппаратпен жүрген қыз. Бірнеше рет операцияға түскен. Өзінің тілі кеш 6 жастан кейін бір-ақ шыққан еді, көп сөйлей де алмайды”, – дейді көз жастан етегі көлденген ана.
ОҚО-ның құзырлы органдарынан үмітін үзген ана енді Бас Прокуратура мен Ішкі істер министрлігінен көмек сұрап отыр.
“Шаяндыдағы РОВД-дағы аға тергеушінің есімі – Патшаханов Асқар. Жаңадан көктеп келе жатқан гүлді жұлып лақтырып, қызымның тағдырымен ойнады. Ішім күйіп барады, ешкімге жеткізе алмаймын», – дейді зар жылаған көпбалалы ана.
Айта кетейік, елге мұңын шаққан ананың 7 баласы бар. Өзі жұмыссыз екен.
Жіберіп алмаңыз:
Шымкент тұрғыны сөйлей алмайтын інісінің балабақшада соққыға жығылғанына сенімді (фото)
Дініміз бойынша кімдермен үйленуге болмайды
Бомба туралы жалған хабарлама таратқаны үшін айыпталған Юрий Пак бостандыққа шығады
Жұрт мүгедек жанға көмектескен атыраулық полицейге риза болды