Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ОҚО-да күйеуі өлтірген келіншектің денесі табылды

Бүгін түсте 27 жастағы Нұрипа Құрбанованың денесі табылды, – деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

әйелтабылды

Естеріңізге салып өтсек, үш баланың анасы – 27 жастағы Нұрипа Құрбанова өткен аптада жоғалып кеткен еді. Жүкті әйелдің жоғалғаны туралы полицияға жұбайы хабар берген. Айтуынша, әйелі 10 тамыз күні тауар алу үшін Шымкентке жол тартып, сол күйі оралмапты.

Нұрипа Құрбанованы іздеуге Сарыағаштағы полицияның жеке құрамы мен криминалды полиция басқармасы жұмылдырылды.

Із-түссіз жоғалған келіншектің жүрген жерін анықтау мақсатында барлық Қ(А)ІІБ-на бағыттама беріліп, жедел іздестіру тобы құрылды.

Әйелдің анасы мен әпке-сіңлілері Нұрипаның жоғалып кетуіне күйеуі Талғат Үдербаевтың қатысы болуы мүмкін екенін айтқан еді. Себебі ерлі-зайыптылар үнемі ұрсысатын, жұбайы әйеліне жұдырық ала жүгіретін көрінеді. Нұрипа жоғалардың алдында олар тағы да сөзге келіп қалыпты.

Оңтүстік Қазақстан облысының ішкі істер департаменті із-түссіз жоғалып кеткен Нұрипа Құрбанованы күйеуі өлтіргенін растады.

«Нұрипа Құрбанованың жұбайы әйелін өлтіргенін мойындады. Ерлі-зайыптылар сөзге келіп қалған. Күдікті қамауға алынды. Оған қатысты «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір келіншектің мәйітін іздеу жұмыстары жүріп жатыр. Жұбайының айтуынша, ол әйелінің денесін Келес өзеніне батырып жіберген. Бұдан басқа да нұсқалар қарастырылуда», – деп мәлім етті ОҚО ІІД ақпарат және мемлекеттік тіл басқармасы басшысының м.а. Спабек Жарқынбеков.

Жас әйелдің денесін сүңгуірлер Келес өзенінен, Жаскешу ауылының маңайынан тапты. Күдікті де жауап алу барысында осы жерді көрсеткен болатын.

«Қазіргі таңда оқиғаның себептері анықталуда. Бірқатар сараптама белгіленді. Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр», – деп толықтырды Спабек Жарқынбеков.

Бұған дейін “ОҚО-да жоғалып кеткен Нұрипа Құрбанованың күйеуі әйелін өлтіргенін мойындады” деп жазған болатынбыз.

Талқылау