Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ОҚО тұрғыны ерекше жаралған жылқысын 2 млн теңгеге саудалап отыр

ОҚО тұрғыны базарда саудаға қойылған ерекше жылқы жайлы айтып берді.

Кешегі аптада бір туысымыз сүндет тойға тай алатын болып Шымкенттегі мал базарына барған едік. Базарда сауда қызып жатыр екен. Біз оның жылқы түлігі сатылатын бөлігіне кірдік, деп жазады Замана.

Мұнда тайлар 120 – 130 мың теңге аралығында бағалануда екен. Туысымыз 110 мың теңгеге бір шағын денелі жабағы сатып алды. Бұл екі арада біз базар ішін аралап, жылқы бағасын білуге тырыстық.

Базарда арнайы бордақыланған бір байталды иесі 500 мың теңгеге сатамын деп тұрғанын көрдік. Күйі жақсы, ойнақшыған семіз байталға қызыққандар көп болды, бірақ бағасына келісе алмай жатты.

Бір боз айғырды иесі 650 мың теңгеге сатпаққа алып шығыпты. Саудаласқандар оны қымбатсынып кетіп жатты. «Базар соңына қарай саудасы келіп қалса, 550 мыңға беріп жіберуім де мүмкін. Бұл атты ақша қажет болғасын сатуға амалсыз алып шықтым», – деп тұрды иесі.

Осы базарда жұрттың ерекше назарын аударған жылқы – иесі 2 миллион теңгеге бағалаған шұбар айғыр (суретте) болды. Иесі оны үйірден әкелдім дейді, айтуынша, өзге тұқымды биелермен шағылыстырып, одан бірнеше құлын алған көрінеді. Дегенмен мал танитын жұртшылық бұл айғырды ұзақ уақыт қорада тұрған мал деп бағалап жатты. Өйткені оның тұяқтарына баттаса қатқан қи ізі бар еді.

Бұл жылқы түлігінің дене тұрқы жұртты қатты қызықтырды. Бойы басқа аттардан биік болмағанымен сүйегі ірі екені көрініп тұр. Басының өзі өзгеше үлкен, құлынның денесімен бара-бар десек болады. Ал күжірейген жуан мойны бұл ай­ғырдың өте күшті екенін сездіріп тұр. Белі де жуан, арнайы тапсырыспен жасатпаса, анау-мынау ердің өзі кішкентайлық қылып, үстінде шошайып қалардай. Белінің жуандығы сондай, жайдақ мінген адамның өзін талтайың­қырап отыруға мәжбүр етеді.  Бұлшық еттері ойнап тұр. Аяқтары қуатты, ал тұяқтары бейне бір шағын гирьдің тасындай шомбалданып тұр. Білетіндер бұл ірі аттың тірідей салмағы кемінде 500 кило шығуы мүмкін екенін айтып жатты.

Ал иесінің айтуынша, бұл аттың жасы қазір 7-де екен. Тұқымы – Владимир жылқысы. Мұндай тұқымды жылқы кезінде Ресейдің Владимир облысы аумағында будандастырылып, ауыр жүк сүйрейтін көлік ретінде шығарылған. Өзі күй талғамайды, кез келген ауыр жүкті қиналмай көтеріп немесе сүйреп кете береді екен.

Біз базардың екінші басынан осындай жылқының тағы біреуін көрдік. Ол жасырақ екен, оны иесі 500 мың теңгеге бағалап тұрды.

…Қысқасы, бүгінде жылқы малының бағасы артып тұр. Базардағы адамдардың айтуына қарағанда, қазіргі күндері жылқыны Жамбыл, Алматы облыстарына әкетушілер көп. Сондай-ақ біз жаққа жылқыны Ресейден әкелушілер де баршылық көрінеді. Өйткені ол жақта жылқы етін тұтынатындар аз, ат күш көлігі ретіндегі маңызынан бірте-бірте ажырап барады. Сондықтан олардың бағасы біз жақтағыдан арзандау болады деседі.

Н.Әбді

Тағы да оқыңыз:

Құран оқыған адамға ақша беру дұрыс па?

Елімізде офицерлер де әскерге шақырылатын болды

Желіде қазақстандық көгілдірлердің көңіл көтеріп жатқан кездегі видеосы тарап кетті (видео)

Талқылау