"Оқиға орнында жалғыз болған": Ұлттық ұлан әскери қызметшісінің қазасына қатысты ІІМ қылмыстық іс қозғады
ІІМ Ұлттық ұлан әскери қызметшісінің қазасына байланысты мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қайғылы оқиға 9 қазанда болған. № 6636 әскери бөлімнің әскери қызметшісі қатардағы Қайсар Сұлтанов әскери қалашықты күзету жөніндегі кезекші бөлімшенің құрамына кірген. Бекітілген штаттық қарудан басын жарақаттап, қайтыс болды.
"Осы факт бойынша Орталық өңірлік әскери-тергеу басқармасы өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады, оны тергеу тәжірибелі қызметкерлерден құрылған жедел-тергеу тобына тапсырылды. Қазіргі уақытта оқиға орны қаралып, сот-медициналық сараптамасы тағайындалды. Айғақтар, атап айтқанда қаза тапқан әскери қызметшінің ұялы телефоны мен бейнебақылау камераларының жазбалары алынды.
Тергеу барысында қатардағы Сұлтановтың оқиға орнында жалғыз болғаны анықталды. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау және тергеудің жан-жақтылығын қамтамасыз ету үшін Сұлтановтың әскери әріптестерінен, оның командирлерінен, басқа адамдардан жауап алу, сондай-ақ тиісті кешенді сараптамалық зерттеу шаралары жүргізілуде. Жәбірленуші жақтың уәждері де толық тексеріледі. Алдын ала тергеу нәтижелері бойынша оқиғаға құқықтық баға беріледі. Тергеу барысы ерекше бақылауда, – деді ҚР ІІМ әскери-тергеу департаментінің бастығы Серікбай Құсайынов.
Бұдан өзге ақпарат тергеу мүддесінде Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.
Айта кетейік, 9 қазан күні Астанада ұлттық ұланның әскери қызметкері мерт болған еді. № 6636 әскери бөлімнің әскери қызметшісі қатардағы Қайсар Сұлтанов әскери қалашықты күзету жөніндегі кезекші бөлімшенің құрамына кірген. Бекітілген штаттық қарудан басын жарақаттап, қайтыс болды.