Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бата беріңіз": Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік күні Астанадағы өзі ашқан мешітте көзге түсті (видео)

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы мешітке жұма намазына барды. Сондай-ақ қазақстандықтарды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Тұңғыш Президенттің бейнежазбасы әлеуметтік желіде таралып кетті. Видеодан Нұрсұлтан Назарбаевты мешітке келген жамағаттың қоршап тұрғанын байқайсыз.

Тіпті жұрт бата сұрайды. Бірақ қатты шудан оның даусы дұрыс естілмей қалған.

“Мынандай Алланың үйі еш жерде жоқ. Ешбір елде, ешбір жұртта тәуелсіздіктен артық бағасыз нәрсе жоқ.

Тәуелсіздікті жариялағанымызға 31 жыл болды. Тарих үшін бір ғана мезгіл. Бұл мемлекетті дүниежүзіне паш еттік. Қазақ деген халықты дүниенің барлығы білді, терезесі тең ел болдық, Құдайға шүкір, барлығы бар. Жұмыс істеймін, бизнеспен шұғылданамын десе, ешкім кедей болмайды. Ең алдымен еңбек керек. Еңбектерімде де талай айтып жүрмін ғой.

Тәуелсіздігіміз ұзағынан болсын. Тәуелсіздік мәңгілік болуы үшін бәріміздің ауызбіршілігіміз болуы керек. Келер ұрпақ осы Тәуелсіздікті алтындай қолында, жүрегінде ұстауы керек. Ешкімге бермеуі керек. Сонда келе жатқан артымыздағы ұрпақтың жүзі жарқын болады. Біздің кездерді айтып жүреді. Құдай бұйыртса, ұрпағымыз бұл күндерді еш уақытта ұмытпайды, есіне алып жүреді", - деді Назарбаев жұртшылық алдында.

Айта кетейік, Нұрсұлтан Назарбаевтың елордада 235 мың адам сыйатын еліміздің бас мешітін ашқан болатын. 

 

Айнұр Мұхади
Жұма, 16 Желтоқсан, 2022 17:37
Талқылау