Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының басшысы қызметінен кетті
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының басшысы қызметінен кетті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Ол өзінің құзіреттілігін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа өткізіп берді.
"Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – Елбасы туралы" Конституциялық заңға, Ассамблея туралы заңға сәйкес маған Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы лауазымын өмір бойы атқару құқығы берілген. Жалпы, мен сіздермен барлық уақытта бірге боламын әрі одан бас та тартпаймын. Дегенмен, Ассамблеяны басқаруға қатысты бірқатар құзірет еліміздің президентіне жүктелген. Тіпті, бұл да маңызды емес. Қазақстан халқы Ассамблеясы тірек ретінде іс басындағы президенттің жанында тұруы тиіс және екінші жағынан мемлекет басшысы да Ассамблеяға арқа сүйейді. Сондықтан мен Ассамблеяны басқару құқығымды президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа беру туралы шешім қабылдадым", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Артынша Елбасы пандемия кезіндегі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясаты туралы пікір білдірді.
"Қазіргі кезде Қазақстан жаңа жауапкершілікті кезеңге аяқ басып отыр. Ол пандемия, жаһандық экономикада дағдарыстық құбылыстардың күшеюі, алдыңғы қатарлы әлемдік ойыншылардың геосаяси бәсекелестігінің ушығуы кезеңімен сәйкес келді. Осы және басқа да қолайсыз жағдайлар біздің мемлекеттің де дамуына өзінің теріс әсерін тигізбей қоймайды. Бұл жағдайда еліміздің президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жан-жақты түгенделген, сындарлы саясатты жүргізуді жалғастырып келе жатқанына сенімдімін. Сондықтан біз осы қадамдарды қолдауымыз керек. Бұл саясат барша қазақстандықтардың мүддесіне және ұлтымыздың ары қарай дамуы мақсаттарына қызмет етіп жатыр", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Еске салсақ, Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының 29-сессиясы өтіп жатыр.
Сессияға барлық облыстардан Ассамблея мүшелері, республикалық және аймақтық этномәдени бірлестіктердің төрағалары, парламент депутаттары, орталық атқарушы органдардың, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің басшылары, ҮЕҰ өкілдері, ғылыми, шығармашылық зиялы қауым және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысуда.
Осыған дейін Назарбаев қазақ тілін үйренгісі келетіндерді қолдау қажет екенін айтқан болатын.