Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Нұр-Сұлтанда әкімдік шағын пәтерлер құрылысына тыйым салмақшы

Нұр-Сұлтандағы құрылыс компаниялары алдағы уақытта тұрғын үй бағасы қымбаттайды деп болжады. Олардың сөздерінше, бұған әкімдік жасаған жаңа ереже әсер етуі мүмкін. Жергілікті билік қалада шағын пәтерлердің құрылысына тыйым салуды жоспарлап отыр. Ал мұндай пәтерлер сұранысқа ие екен. Мамандар шенеуніктердің осылайша қалаға көшіп келетіндер санын қысқартпақшы екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап. 

құрылыс

Нұр-Сұлтанда шағын пәтерлер нарығы сұранысқа ие. Құрылыс компаниялары да осы бағытта икемделе бастаған. Алайда алдағы уақытта шағын пәтерлер құрылысына тыйым салынуы мүмкін. Шенеуніктер ең кішкентай тұрғын үй ауданын 15-тен 18 шаршы метрге дейін көбейтуді ұсынған. 

Құрылысқа қойылған жаңа талап арқылы шенділер шағын пәтерлерден құтылмақшы. Қазіргі уақытта мұндай пәтерлер арзан болғандықтан, үлкен сұранысқа ие екен. Бұл норма қабылданған жағдайда 40 шаршы метрге дейінгі үйлер мүлде жойылып кетуі де ықтимал. 

Астаналық шенеуніктер бір ғана шешіммен тұрғындарды шағын да болса өз пәтерін сатып алу мүмкіндігінен айырады. Сонымен қатар құрылыс компаниялары мұның бағаның өсуіне алып келетінін мәлімдеді. Бір бөлмелі пәтерге сұраныс артады, сәйкесінше баға да шарықтай түседі. 

"25 шаршы метр болатын пәтерлер енді болмайды. Сәйкесінше, азамат 25 шаршы метр пәтерді 10 миллион теңгеге емес, 35 шаршы метр болатын пәтерді 14 миллион теңгеге сатып алады. Барлық позицияда бағаның өсіп жатқаны байқалады", – деді Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығының президенті Виктор Микрюков. 



Нұр-Сұлтандық риелторлар да дабыл қағуда. Сөздерінше, жаңа ереже тұрғындардың сатып алу қабілетін төмендетеді. Ал сарапшылар Нұр-Сұлтан әкімдігінің көздегені де осы екенін мәлімдеді. 

"Менің түсінуімше, негізгі қалаларға көшетіндер санын азайтпақшы. Аймақтарды дамытып, азаматтардың қалаларға көшуін тоқтатқысы келеді. Сәйкесінше, өз ауданыңда қалып, сол жерде дамы дейді. Бар мәні осы деп ойлаймын", – деді жылжымайтын мүлік агенттігі директорының орынбасары Мақсат Егісбаев. 

Сондай-ақ құрылыс компанияларына қатысты жаңа ереже енгізілуі мүмкін. Қаланың көркін жақсарту үшін олар өз жобаларын аймақ тұрғындарымен мақұлдауы қажет. 

"Мысалы, 7 қабатты ғимарат болды делік, ол 9 қабатқа дейін өсіргісі келеді. Коммерциялық табыс кімде? Мемлекетте емес, құрылыс компаниясында. Сондықтан азаматтармен компаниялардың өздері сөйлессін. Тұрғындармен әңгімелессін, пікірін біліп, рұқсатын алсын", – деді Нұр-Сұлтан қаласы Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Нұрхан Серікбаев. 

Әзірге ереже нақтыланбаған. Барлық өзгерістер қала мәслихатының отырысында талқыланады. 

Талқылау