Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Нұр-Сұлтанда аз қамтылған оқушылар 40 мың теңгеден алады

Нұр-Сұлтанда жаңа оқу жылы қарсаңында аз қамтылған отбасылардан шыққан 17 мың оқушы мектепке қажетті құрал-жабдықтар алу үшін 40 мың теңгеден немесе 95 доллардан алады. Бұл туралы елорда әкімі Алтай Көлгінов мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Өткен жылы мектепке қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға әр балаға 30 мың теңгеден бөлінген.

"Осы жылы ол 40 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. Егер отбасында, мысалы, үш - төрт бала болса, онда әр балаға 40 мың теңгеден бөлінеді. Бұл мақсатқа бюджеттен 680 миллион теңге бөлінді, бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Сонымен қатар, аз қамтылған отбасыларға басқа да бірқатар әлеуметтік шаралар көрсетіледі", - деп нақтылады Көлгінов.

Сонымен қатар, мектептерде оқыту қашықтан жүргізілетінін ескере отырып, әлеуметтік осал санаттағы оқушыларды ноутбуктермен, роутерлермен қамтамасыз етуге шамамен 6 миллиард теңге немесе 14,3 миллион доллар бөлінеді.

"Аталған санаттағы барлық балаларды компьютерлермен және роутерлермен қамтамасыз етеміз: олар аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар, ерекше қажеттіліктері бар балалар, жетім балалар, көп балалы отбасылардан шыққан балалар. Жалпы алғанда, 34,5 мыңға жуық бала қамтылады", - деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі.

Айта кетейік, Қазақстанда оқу жылы 1 қыркүйектен бастап қашықтықтан басталады.

STAN.KZ
Сәрсенбі, 12 Тамыз, 2020 18:48
Талқылау