Нұр-Сұлтан-Қостанай рейсінен 45 жолаушыны шығарып жіберді
Нұр-Сұлтан-Қостанай рейсінен 45 жолаушы шығарылды. Азаматтық авиация комитеті жағдайға түсініктеме берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"2022 жылғы 19 наурызда Нұр-Сұлтан-Қостанай бағыты бойынша FlyArystan КС - 7341 рейсі жоспарланған А320 әуе кемесінде уақытша техникалық шектеулер анықталды, осыған байланысты әуе кемесі бортқа 110 жолаушыдан артық қабылдай алмады. Шектеулер қойылғаннан кейін, ұша алмаған 45 жолаушыға қолданыстағы заңнамада көзделген қызметтер көрсетілді", – деп хабарлады ААК.
Атап айтқанда: билеттерді басқа күндерге қайта ресімдеу немесе билеттер құнын қайтару (билеттер қайтарылған жағдайда жолаушыларға кейіннен қолданыстағы билет құнынан үш еселенген сомаға билеттерді сатып алу мүмкіндігі беріледі). Осыған байланысты 13 жолаушыға ақшасы толық қайтарылып, 32 жолаушы 20 және 21 наурызда ұшуға келіскен.
Сонымен қатар комитет жолаушыларға салқын сусындар, ыстық тамақ және қонақ үйде тұру қызметтері ұсынылғанын айтты.
"Осы жағдайға байланысты "Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" биылғы 24-25 наурыз аралығында авиакомпанияға жолаушылар құқықтарының сақталуын жоспардан тыс тексеруді жоспарлап отыр. Бұзушылық фактілері анықталған жағдайда авиакомпания тарапынан тиісті шаралар қабылданады", – деп қорытындылады Азаматтық авиация комитеті.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
