Нотариус пен банкке барудың қажеті жоқ: Қазақстанда енді пәтерді онлайн сатып алуға болады
Фото: istockphoto.com
Қазақстанда тұрғын үйді сату-сатып алу бойынша нотариалдық мәмілелерді онлайн рәсімдеуге арналған пилоттық жоба іске қосылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әділет министрлігінің мәліметінше, “Цифрлық ипотека” ұлттық жобасы аясында Қазақстанда екінші деңгейлі тұрғын үйді сату-сатып алу бойынша нотариалдық мәмілелерді онлайн рәсімдеудің пилоттық тетігі енгізілді. Енді қазақстандықтар банкке немесе нотариусқа бармай-ақ, барлық кезеңдерді қашықтан, электронды форматта жүзеге асыра алады.
Ипотекалық несие арқылы тұрғын үй сатып алатындар үшін жаңа қызмет өтінім беруден бастап тіркеу құжаттарын алуға дейінгі кезеңді толықтай онлайн рәсімдеуге мүмкіндік береді. Банк, нотариус және тіркеуші органдар бірыңғай цифрлық платформа арқылы жұмыс істейді.
Жаңа Салық кодексі: Қазақстанда пәтер сату қиын әрі қымбат болады
2026 жылдан бастап бірнеше баспанасы бар азаматтарға салық көлемі артады
Сатушы мен сатып алушы жүйеге кіріп, өз әрекеттерін электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы растайды. Жүйе автоматты түрде қатысушылардың жеке басын, нысанға меншік құқығының бар-жоғын, мүлікте тыйым салулардың немесе басқа да шектеулердің жоқтығын анықтайды.
“Нотариус мәмілені онлайн-форматта видеобайланыс арқылы куәландырады. Осыдан кейін шарттың электрондық көшірмесі тіркеу үшін “Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры” ақпараттық жүйесіне жолданады. Жаңа меншік иесіне рәсімнің аяқталғаны жөнінде хабарлама келеді”, – делінген әділет министрлігінің хабарламасында.
Министрлік мәліметінше, электронды рәсімдеу қызметтері мен "Цифрлық ипотека" кезең-кезеңімен екінші деңгейлі банктердің платформаларына енгізіліп, халық арасында белсенді түрде насихатталмақ. Министрлік жаңа өзгерістің жылжымайтын мүлікті сатып алу үдерісін әрбір азамат үшін бұрынғыдан да қолжетімді, түсінікті әрі қауіпсіз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда жаңа үйлерден пәтер алу кезінде қолма-қол ақшамен төлем жасауға тыйым салынғаны туралы жазған едік.

"Суды артық пайдаланса, тариф 30% қымбаттайды": Қазақстандықтар су нормасы туралы жаңа ережеге қарсы шықты
