Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ninety One-дағы жігітке ұқсайды екен": Ерке Есмаханның төлқұжатындағы суреті жұртты күлкіге қарық қылды

"Қайда", "Алло",  "Аэропорт" атты хит әндердің орындаушысы, қазақ эстрадасынан өз орнын таба білген өнер иесі Ерке Есмахан Алматыда өткен "Қызық премияда" үздік әнші атанып, жеңіске жетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ерке Есмаханның "Қайда?" атты бейнебаяны Youtube видеохостингінде қазақстандық және шетелдік әншілердің клиптерін басып озды. Туынды екі жылдың ішінде 104 миллионнан аса қаралым жинап, әншіге отандық шоу-бизнесте рекорд орнатуға мүмкіндік берді. Премия жүргізушілері Марат Оралғазин мен Еркебұлан Мырзабек мұндай көрсеткіштің бірде бір қазақстандық өнер иесінде болмағанын ескеріп,  Ерке Есмаханды "Жыл рекорды" номинациясы бойынша жеңімпаз деп жариялады. 

Әнші әнді сүйіп тыңдап, бейнебаянды тамашалаған қазақстандықтарға алғысын білдірді. Жүргізушілердің сұрауы бойынша гитараның сүйемелдеуімен сахнада ең танымал әнін орындаған ол, кенет экраннан төлқұжатының суретін көріп, риясыз күліге қарық болды. Мұндай "тосынсыйдың" боларын күтпеген Ерке Есмахан ән салып болған соң: "Табиғи сұлулығымды көрсетіп қойдыңдар ғой", - деді кеш жүргізушілеріне. 

Оңтайлы сәтті ұтымды пайдаланған Еркебұлан Мырзабек суретті Led-экранға қайта шығаруды сұрап: "Ninety One тобындағы жігітке ұқсайды екен. Енді байқадым, шынымды айтайын", - деп қалжыңдады. Әзілкештің осы сөздерінен кейін премияны тамашалап отырған дүйім жұрт күлкісін тыя алмады. 

Өз кезегінде әнші ой ұшқырлығымен ұтымды жауап таба біліп: "Ақтөбенің арғы жағындағы Ырғыз деген ауылда туып өскен қызбын. Алматыға келе табиғи сұлулығым одан сайын әрлене бастады, өсе келе әдемі қыз болдым",- деп күлді. 

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Алматы қаласының экс-әкімі Бауыржан Байбек өнер иесін рекорд орнатуымен құттықтаған еді.

STAN.KZ
Сейсенбі, 14 Қаңтар, 2020 10:52
Талқылау