Нығматулиннің ұлдарына тиесілі "Қазфосфат" компаниясы тыңайтқыш бағасын негізсіз көтерді деп айыпталуда
Мәжілістің бұрынғы спикері Нұрлан Нығматулиннің ұлдарына тиесілі минералды тыңайтқыштар зауыты аммофос бағасын негізсіз көтерді деп айыпталуда, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы және Жамбыл облысы бойынша департаменті "Қазфосфат"ЖШС қатысты тергеуді аяқтады.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі 2021 жылғы қарашада аммофос бағасының 125 мың теңгеден 168 мың теңгеге дейін негізсіз өскенін анықтады. Өсім 35%-ды құрады. 2022 жылы баға тіпті 185 мыңға дейін көтерілген. Өткен жылдың қаңтарымен салыстырғанда өсім 48,5%-ды құраған.
"Қазфосфат" ЖШС қатысты іс материалдары сотқа дейінгі тергеу жүргізу үшін Алматы экономикалық тергеу департаментіне берілді.
"Тергеу нәтижелері бойынша, Алматы қаласы бойынша Департаменттің 2022 жылғы 31 мамырдағы бұйрығына сәйкес, "Қазфосфат" ЖШС қатысты материалдар сотқа дейінгі тергеу жүргізу үшін ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің Алматы Экономикалық тергеу департаментіне берілді. Материалдарды қайтарған жағдайда монополияға қарсы орган нұсқама енгізе отырып, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғайды", — делінген ҚР ӘҚБК хабарламасында.
Сонымен қатар, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі "Қазфосфат" ЖШС бағаны 185 мың теңгеден 173 мың теңгеге дейін төмендеткенін айтты. Компания аммофосты ескі бағамен алған клиенттерге жаңа баға арасындағы айырмашылықты аммофос түрінде кері қайтаратын болады. Кәсіпорын деректері бойынша бұл айырмашылықтың жиынтық сомасы 2,8 млрд теңгені құраған.
5 сәуірде бәсекелестікті қорғау агенттігі "Қазфосфат"ЖШС Минералды зауытына қатысты тергеу басталғанын хабарлады. Компанияның құрылтайшылары "Kaz Chemicals" ЖШС екені анықталды. Бұл компанияның құрылтайшылары мәжілістің экс-спикері Нұрлан Нығматулиннің ұлдары Нұрхан мен Нұржан Нұрлановтар. Біріншісінің "Қазфосфат" ЖШС басшысы екені белгілі болды.