Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Снежанна Имашева отбасы құқықтары жөніндегі уәкіл қызметіне тағайындалды: Енді ол немен айналысады

Фото: Ақорда баспасөз қызметі

13 наурызда Снежанна Имашева Қазақстан президенті жанындағы отбасы құқықтары жөніндегі уәкіл қызметіне тағайындалды. Жаңа лауазым қоғамда түрлі сұрақ тудырып, көпшілік оның нақты қандай міндет атқаратынына қызығушылық білдірді. Ал оған Имашеваның өзі жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Тоқаевтың ұсынысы

Тоқаев биыл 6 наурызда Халықаралық әйелдер күніне арналған іс-шарада елімізде отбасы мәселелері жөніндегі омбудсмен қызметі енгізілетінін айтты. 

Президенттің айтуынша, бұл қызмет қоғамдық негізде болады. Омбудсмен Қазақстан президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары қызметін атқарады.

Снежанна Имашеваның жауабы

Снежанна Имашева да бұл институт президенттің бастамасымен жақында ғана енгізілгенін мәлімдеді. 

“Қасым-Жомарт Тоқаев 7 наурыз күні қазақстандық әйелдерді мерекемен құттықтап, осы лауазымды енгізу керегін айтты. Қазақстанда бұрын мұндай қызмет болған жоқ. Бұл лауазым отбасының қорғаушысы қызметін атқарады. Омбудсменнің міндеті мемлекет отбасыға беретін кепілдіктер мен мүмкіндіктерді қамтамасыз ету. Олардың қатарында қауіпсіздік, әлеуметтік әл-ауқат және басқа да мәселелер бар”, – деді Имашева.

Қазір Мәжіліс депутаты қызметін атқарып жүрген ол, осы мандатты сақтап қалатынын айтты.Себебі Имашева мұны қоғамдық міндет ретінде қабылдайды екен.  

Депутат әрі уәкіл туралы не белгілі?

Снежанна Имашева 1981 жылы 20 сәуірде дүниеге келген (44 жаста). Ол Батыс Қазақстан облысының тумасы. Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін “Құқықтану” мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын “Банк Тұран Әлем” АҚ-ның Ақсай филиалында бөлшек несиелеу жөніндегі маман ретінде бастаған. 2011–2016 жылдары ірі энергиямен жабдықтаушы “Батыс Энергоресурсы” ЖШС-ні басқарған.

Имашева саясатқа 2016 жылы келіп, VI шақырылымдағы Мәжіліс депутаты болды. Кейін VII және VIII шақырылымдарда да парламентке Amanat партиясынан сайланды. Ол Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетін басқарған. Сонымен қатар құқық қорғау жүйесі мен азаматтардың құқығын қорғауға қатысты заңдарды әзірлеуге атсалысқан. 

Снежанна Имашева ұсынған бастамалар

Қазақстандағы отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл болып тағайындалған Снежанна Имашева соңғы жылдары Мәжіліс депутаты ретінде бірнеше заңнамалық және конституциялық бастама көтерген. Оның ұсыныстары негізінен адам құқықтарын қорғау, конституциялық реформалар және құқықтық жүйені жетілдіруге қатысты болды.

Конституцияда жеке деректерді қорғауды күшейту ұсынысы

Имашева Конституцияның 18-бабын нақтылап, жеке өмірге қол сұқпаушылық және жеке деректерді қорғау құқығын кеңейтуді ұсынған. Оның айтуынша, цифрлық технологиялардың дамуына байланысты азаматтардың жеке деректерін заңсыз жинау, өңдеу немесе пайдалану жағдайларынан қорғауды күшейту қажет. Бұл ұсыныс Конституциялық реформа аясында қаралған. Алайда оның толық қабылданғаны немесе нақты қандай норма ретінде енгізілгені жөнінде ресми түпкілікті шешім әлі жарияланған жоқ.

Ұсталған адамға құқықтарын бірден түсіндіру туралы бастама

Имашева тағы бір ұсынысында адам ұсталған сәтте оның барлық құқығы түсіндірілсін деген норманы енгізуді ұсынды. Бұл тәжірибе АҚШ-тағы Miranda rule ережесіне ұқсас. Депутаттың пікірінше, азаматтардың құқығын қорғау үшін құқық қорғау органдары адамды ұстаған кезде оның құқығы мен міндеттерін нақты түсіндіруі керек. Бұл бастама қоғамда қызу талқыланғанымен, әзірге толыққанды заң нормасы ретінде енгізілгені туралы ақпарат жоқ.

Конституциядағы сөз бостандығына қатысты нормаларды нақтылау

Имашева Конституциядағы сөз бостандығы мен бейбіт жиналыстарға қатысты нормаларды нақтылау жөнінде де ұсыныс айтқан. Кейбір құқық қорғаушылар бұл бастаманы сөз бостандығын шектеуі мүмкін деп сынға алған. Депутаттың өзі бұл ұсыныстың мақсаты сөз бостандығын шектеу емес, құқықтық нормаларды нақтылау екенін айтқан. Бұл мәселе де конституциялық реформа барысында талқыланып, түпкілікті редакциясы жаңа Конституция жобасында қарастырылған.

Конституцияның преамбуласын жаңарту туралы ұсыныс

Имашева Конституцияның кіріспе бөлігі преамбуланың маңызын күшейту қажет екенін айтқан. Оның пікірінше, преамбула мемлекеттің даму бағытын, тарихи негізін және құндылықтарын айқындайтын маңызды бөлім болуы тиіс. Бұл ұсыныс жаңа Конституция жобасын талқылау барысында қарастырылған.

Азаматтардың мемлекет басқаруына қатысу мүмкіндігін кеңейту

Конституциялық реформалар аясында Имашева азаматтардың мемлекет басқаруына қатысу тетіктерін кеңейту қажет екенін айтқан. Оның пікірінше, бұл мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді күшейтуге көмектеседі. Бұл ұсыныс жалпы конституциялық реформаның бір бөлігі ретінде қарастырылған.

Отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл институтын енгізу

2026 жылы Қазақстанда отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл институты енгізілді. Кейін бұл қызметке Снежанна Имашева өзі тағайындалды. Бұл бастаманың мақсаты – отбасы институтын қорғау, әйелдер мен балалардың құқықтарын қамтамасыз ету және әлеуметтік кепілдіктердің орындалуын бақылау.

Қазақ отбасының келіні

Бұған дейін Снежанна Имашева қазақ отбасына келін болып түскенін, ел дәстүрлерін қаншалықты ұстанатынын айтқан. 

Имашева Қазақстанда туған беларусь қызы екенін, ал туыстарының басым бөлігі Украинада тұратынын жеткізген. Оның айтуынша, атасы мен әжесі Украинаның Харьков қаласына жақын жерде тұрады. Олар тоқсан жастан асқан. Өздерімен телефон арқылы сөйлесіп, жағдайларын біліп тұрады екен. 

Сонымен қатар Имашева қазақ тілінде еркін сөйлейтінін және келін ретінде барлық міндетін атқаратынын айтқан. Жолдасы үйдің кенжесі болғандықтан, келін ретінде үйдегі міндеттерін орындайтынын жеткізген. Қайын жұрты келгенде шай-ас беріп, той-садақа мен жиындарда дастарқан басында қызмет ететінін, үлкендерге сәлем салатынын айтқан. 

STAN.KZ
Сейсенбі, 17 Наурыз, 2026 16:46