Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда шетелдік интернет дүкендерден қымбат тауар сатып алғандарға салық салынады

Фото: pixabay.com

Қазақстанда шетелдік интернет дүкендерден тауар алатындар үшін жаңа кедендік ережелер енгізіледі. Енді 200 еуродан қымбат тауар сатып алғандарға салық салынады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қаржы министрлігінің мәліметінше, шетелдік маркетплейстерден тапсырыс беретіндер үшін интернеттен сатып алуға қатысты жаңа ережелер енгізіледі.

“Мұндай тауарлар бұдан былай "жеке пайдалануға арналған тауарлар" деп аталмайды. Енді шетелден интернет арқылы алынған тауарлар бөлек санатқа – "электронды сауда тауарлары" деп тіркеледі. Мұндай сәлемдемелер міндетті түрде кедендік рәсімдеуден өтеді. Бірақ сатып алушыға ешқандай құжат толтырудың қажеті жоқ. Барлық рәсімдеуді арнайы компаниялар өздері атқарады. Ал адам бұрынғыдай не сәлемдемені өзі барып алады, не үйіне жеткізіп береді”, – деп түсіндірді ведомство. 

Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, бұл өзгерістер тек қымбат тауарларды шетелден сатып алатындарға қатысты болады.

“Қазір шетелден сатып алынған 200 еуродан жоғары тауарларға 15% кедендік төлем және кейде салмаққа байланысты қосымша төлемдер салынады. Жаңа ережеге сәйкес, 200 еуродан асатын тауар үшін кедендік баж тауардың бағасының 5%-ы, бірақ әр келісіне кемінде 1 еуро болады. Сонымен қатар 16% ҚҚС төленеді. Ал егер сәлемдеме 200 еуродан артық болмаса, сатып алушылар бұрынғыдай ештеңе төлемейді. Салмақ бойынша шек жойылады”, – деді ведомство. 



Барлық кедендік рәсімдеуді "электронды сауда операторлары" атқарады. Олар тауарларды жеткізеді, сақтайды, кедендік құжаттарын толтырады және сатып алушыға береді.

Оларға арнайы ереже енгізіледі: операторларды тізімге қалай енгізу керек, олардың құқықтары мен міндеттері қандай, жауапкершілігі қандай, қызметін тоқтату немесе тізімнен шығару тәртібі қалай болатыны анық көрсетіледі.

STAN.KZ
Сәрсенбі, 18 Ақпан, 2026 17:58