"Мектеп оқушыларын құрылысқа жеккен": Жамбыл облысында жасөспірімді өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу дерегі бойынша іс алғаш рет сотқа жетті
Фото: depositphotos.com
Жамбыл облысында кәмелетке толмаған жасөспірімді өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу дерегі бойынша іс алғаш рет сотқа жетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Время” басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Айыпталушылар қатарында бір ересек адам мен екі мектеп оқушысы бар. Марқұм ұзақ уақыт бойы буллингке ұшырап, достарымен бірге еңбек құлдығында болған. Оларды ауылдастарының біріне үй салуға мәжбүрлеген.
Қайғылы оқиға биыл сәуір айында Жамбыл ауданының Тастөбе ауылында болған. 15 жастағы 9-сынып оқушысы Иманбек өзіне қол салған кезде, әлдекімдер жасөспірімнің жауапсыз махаббатына, қоштасу хатына байланысты істі жабуға тырысқан. Полиция да мектеп әкімшілігінің осы нұсқасымен келіскен. Алайда істі тереңірек тергеуге шешім қабылдаған прокуратураның ұстанымы бәрін өзгертті.
Марқұмның анасы қайғылы оқиға болған күні таңертең әдеттегідей отбасы мүшелерін тамақтандырып, мектепке және жұмысқа шығарып салған. Соңғы уақытта Иманбектің жүдеңкіреп жүргенін байқап, кешкісін қайда жүретінін сұраған. Баласы мектепте соңғы қоңырауға дайындық жүріп жатқанын, бірнеше сыныптасымен бірге вальс билеуге дайындалып жүргенін айтқан.
Ал түсте қайғылы жағдай орын алған. Ол уақытта отбасы мүшелерінің барлығы үйде болған көрінеді. Әкесі де түскі асқа келген екен. Анасы дастарханға шақырғанда, кіші ұлын көрмей, мессенджер арқылы хабарлама жіберген. Бірақ жауап болмаған.
Әйел ұлын іздеуге шығып, сарайға кірген. Ұлының асылып қалғанын көрген ана шошып, айқайлап жіберген. Айқайға үйдегілер жүгіріп келіп, әкесі баласын өзі алып түсірген, ағасы жедел жәрдем шақырған. Алайда жасөспірімді құтқару мүмкін болмады.
Жүргізілген жасырын тергеу әрекеттері ауылда “әлімжеттік” жүйесі қалыптасқанын көрсетті. Үлкен сынып оқушылары “мектепті қарайтындарды” тағайындап, тапсырма беріп, қылмыстық терминдерді үйреткен, ауыл шетіндегі кездесулерде жасөспірімдерді жазалап отырған. Ең жиі қолданылатын жаза – ұрып-соғу. Келмей қалғандарды мектепте немесе көшеде ұстап алып, тағы да күш қолданған.
Оқушылардың айтуынша, бұл топты 22 жастағы Ш есімді жігіт басқарған, оған 10-сынып оқитын інісі көмектескен. Иманбек қайтыс болғаннан кейін оқушылар әр сәрсенбі мен сенбі күні 8–9-сынып оқушыларын ауыл шетіне жинап, түрлі себеппен айыптап, жазалап соққанын айтты.
Олар беттестіруден қорқатындарын, өйткені үлкендердің тарапынан қысым көргендерін де айтқан.
Бірде жоғары сынып оқушылары 8–10-сыныптарды жинап, Ш.-ға шаруашылыққа көмектесу керек деп бұйырған. Шын мәнінде, жасөспірімдер бір жылдан аса уақыт бойы оған үй салып берген. Оқушылар, соның ішінде Иманбек, күн сайын кешкі 20:00-ден түнгі 02:00-ге дейін жұмыс істеген, ал ересектер мұны білсе де үнсіз қалған.
Өткен жылы көктемнен қысқа дейін балалар Ш-ның барлық шаруасын атқарған. Қысқа қарай қабырғалар көтеріліп, шатыр жабылған. Биыл ақпанда жұмыстар қайта жалғасқан. Шатырда 10-сыныптар жұмыс істесе, 8–9-сыныптар қара жұмыс істеген. Иманбекті кейде ағасы Жақсыбек алып кетіп отырған. Ал Иманбек анасы шақырып жатқанын айтып рұқсат сұрағанда, Ш: “Анаңды да алып келем, екеуің бірге істейсіңдер!” деп жібермеген.
"Егер бармасақ, Ш 11-сыныптарды ұратын. Олар бізді мектепте аңдып жүріп, соғатын. Біз қорққаннан құрылысқа баратынбыз", – дейді балалар.
Өткен көктемде 8-сынып оқушылары (қазір 9-сынып) сынып жетекшісі Гүлбаршын Тамабаеваға шағымданған. Мектеп жиналыс өткізгенімен, тек қорқытумен шектелген. Демалыс кезінде барлығы тоқтағанымен, жаңа оқу жылы басталғанда бәрі қайта жалғасқан. Оқушыларды тағы да жұмысқа жегіп, кез келген ұсақ себеппен жазалап, қорлап, “терпила” деп атаған. Телефондарын да тартып алған. Ал осының барлығын істеген Ш анасы сол мектепте жұмыс істеген және үйіне оқушылардың келгенін көре тұра: “Тек тыныш істеңдер, ешкім естімесін!” деп ескертіп отырған.
Балалардың айтуынша, мектеп директоры да, оның орынбасары да жағдайдан хабардар болған. Жуырда қызметке келген учаскелік инспектор та білген. Соған қарамастан, барлығы оқушының өз еркімен өмірімен қоштасқаны туралы нұсқаны қолдаған.
Ал барлығына кінәлі мектеп психологы Ақбота Пантаева болып шыққан. Ол жұмыстан босатылған. Полицейлерге сөгіс беріліп, ротация жасалған. Директор мен орынбасары уақытша жұмыстан шеттетілгенімен, жаңа оқу жылы басталғанда қайта оралған.
Бұл оқиғаның жария болуына Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев төрағалық еткен үйлестіру кеңесінде прокурорлар жасаған баяндама себеп болды, баяндамада кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтердің өсу себептері талқыланған.
"Тергеу көрсеткендей, қайғылы оқиғалардың артында көбіне отбасылық жанжалдар, бақытсыз махаббат немесе құмар ойындардан туған қарыздар тұрады. Бірақ өз құрбы-құрдастары өмірін тозаққа айналдырып, жүйелі түрде қорқытып, жұмысқа жеккен сұмдық оқиғалар да бар. Тергеу нәтижесінде үш адамға қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды", – деді сол кездегі облыс прокуроры, ал қазіргі бас прокуратура жанындағы құқық қорғау органдары академиясының ректоры Нұрғалым Әбдіров.
Қыркүйекте іс сотқа берілді. “Өзін-өзі өлтіруге жеткізу” бабы бойынша Ш-ға, сондай-ақ 17 жастағы 11-сынып оқушысына және 16 жастағы 10-сынып оқушысына айып тағылды. Үшеуі де қамауда отыр. Бұл бап бойынша 5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Алматы әкімдігі тұрғындардың наразылығын тудырған эстакадаға қатысты суретке түсініктеме берді