Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Деңгейі күзгі бал": “Қазақ аруы – 2025” байқауының жеңімпазы мен ұйымдастырушылары желіде сынға ұшырады

Қыздар құшақтасыпФото: Видеодан скриншот

Желіде кеше Алматыда өткен “Қазақ аруы – 2025” байқауы қызу талқыға түсті. Қолданушылар Қазақ аруы атанған Дәрия блогер болғандықтан, жеңіске лайық емес екенін айтты, ал өзге қатысушылардың өнерін “мектеп деңгейінде” деп бағалады. Сондай-ақ жалпы байқау өте төмен деңгейде өткенін жарыса жазып жатыр. Stan.kz желіде жазылған пікірлерге шолу жасады.

“Дәрия жеңіске лайық болмады”

Желі қолданушыларының пікірінше, жеңімпазды халық дауыс беру арқылы таңдайтын болғандықтан, басынан-ақ Дәрияның жеңетіні белгілі болған. Өйткені блогер жазушылары арқылы дауыс жинайды, ал өзге қыздарда мұндай мүмкіндік жоқ. Бұған қоса, олар бұдан былай байқауға оқырманы көп блогерлерді қатыстырмауды немесе жеңімпазды дауыс емес, қазылар арқасы арқылы таңдауды сұрап отыр.“Енді шектеу қою керек! Блогерлер мен тиктокерлер қатыспауы керек деп ойлаймын! Тиктокта кім шығады рекке сол әкетіп жатыр, ал оны қарайтын адамдар өнеріне біліміне қарап жатқан жоқ, бар шығар бірақ бірең сараң. Баян Мақсатқызына ендігі тик ток пен инстаграм жүргізетін адамдарды алмай, қатысушыларға әлеуметтік желіні пайдануға шектеу қою керек уақытша”,

“Оқырман саның 120 мың болса, әрине, 22 мың дауыс жинау сөз емес. Басқа қыздар 1 айдың ішінде 100 мың оқырман жинай алмайтыны сөзсіз анық қой”, “Дәрия ғана еңбектенген жоқ. Басқа қыздардың да еңбектері, өнерлері жақсы болды. Басқа кейбір қыздарда сұрақтарға өте жүйелі, мықты жауап берді. Дәрияның осы кастинг басталмай жатып оқырманы көп болды. Жалпы аудиториясын көп адам көретіндіктен салған жұмыстары бәрі тез көп қаралым жинады. Ал басқа қыздарда көп еңбектенді, мықты таланттары бар, өздерін көрсетті, бірақ олар блогер емес. Ал бір жарым айда бірден оқырман жинап, көрілімді өсіру мүмкін емес”, “90 мың оқырманмен 22 мың дауыс жинағаннан, 6 мың оқырманмен 12 мың дауыс жинау нағыз жеңіс менің ойымша. Қазақ аруы әдемі болу керек деп санаймын, Дәрия жетіңкіремейді бұл титулға”, – деп жазып жатыр олар.

СкриншотДесе де Дәрия Қуатжанды қолдап, оның жеңісіне ортақтасып жатқан жандар да бар. Олар Дәрияның киімдер топтамасы ерекше болғанын жазып, оның ақылдылығын, зейінді әрі мысты қыз екенін алға тартты.

“Дәрия Қуатжанды “ұсқынсыз, Қазақ Аруы болуға лайықты емес, аудиториясы арқылы ұтып кетті” деп жатқандар, құлақтарыңа алтын сырға. Біріншіден, Дәрия табиғи сұлу, көздері ботадай, дене бітімі мінсіз. Екіншіден, ақылды, зейінді, мысты қыз. Сөйлеу мәнері жетілген, нық, мыңқылдап тұрмайды. Үшіншіден, иә, аудиториясы ең кең қатысушы. Оқырманы көп, демек лайықты. Аудитория жинау екінің бірінің қолынан келмейді. Қанша жерден сұлу, өнерлі болса да, сол ерекшелігін әдемі ұсына білу - нағыз еңбек, өнер”, “Ерінбей 3 сағат қарадым, Дәриядан басқа лайықты қыз көрмедім, тіпті конурент жоқ. Сөз саптауы, өзін ұстауы, өнері, жүзінен төгілген нұры, қызға тән қылығы. Лайықты жеңіс!”, “Дәрия әбден лайықты болды қазақ аруына. Оған қазақ аруы басталғалы жазылдым. Өте қызықты болды, қазақ аруы туралы салған видеолары, влогы, өзін таныстыруы, тарихы, позициясы. Хейтті мүлдем түсініп тұрған жоқпын. Сұлу, өзін сахнада ұстай алатын, тиянақты жауап беретін, артық қылығы жоқ, кербез қыз”, – деп жазды олар.

“Қатысушы қыздар әлсіз болды”

Желіде тараған тағы бір пікір – қатысушы қыздардың дайындығының деңгейі. Қолданушылар олардың өнері “мектептегі күзгі баллда” көрсетуге дайындалғандай әсер қалдырғанын айтып, биылғы қатысушылар былтырғыларға қарағанда әлсіз болғанын жазып жатыр.

“Қазақ аруында стендап оқыған 08 нөмірлі Ақмарал сәл болмағанда күлдіріп қоя жаздады”, “Әкім болсаң не істер едің?”, – деген сұрақ мектеп кезінен қойылатын сұрақ еді, мына қыздың жауабы ұяттау болды, әлде қобылжыды ма?”, “Қыздар, шыны керек, келер жылы “Қазақ Аруына” қатыссаңдар, би билемеңдерші. Бүгінгі билердің ішінде “аққу биі” ғана әдемі шықты, қалғандары шайып кетті”, “Ренжімеңдер, “Қазақ аруындағы” өнерін көрсеткердердің көбінің деңгейі сол тик-ток болып қалыпты. Ал зияткерлік сұрақтардың деңгейі болса, “өскенде кім боласың?” деп тұр ғой”, – деп жазған олар. 

скриншот

“Байқау өте төмен деңгейде ұйымдастырылған”

Сонымен қатар желіде байқаудың өте төмен деңгейде ұйымдастырылғаны жиі жазылып жатыр. Қолданушылар осындай атақты байқаумен салыстырғанда, қарапайым бағдарламаларда өтетін байқаулар жоғары деңгейде ұйымдастырылатынын жазған.

“Қазір миыма бір күлкілі ой келіп қалды, “Мисс ҚосLike”-тан да төмен болды ғой дәрежесі, ол жақта салт-дәстүрден, қазақи сұрақтардан қояды, біреу ғана емес бірден үш сұрақ болады. Спонсорлары көп, қыздар тек өнермен емес, тамақ жасап та сайысады. Әр сайысты сол сайысқа қатысы бар әділ қазылар бағалайды. Марапаттауды айтсайшы, дүркіретіп өткізеді ғой. Солардан үлгі алу керек секілді. Атақты байқауды 3 сағатқа тықпай, 2-3 күн қатарынан өткізу керек пе еді?”, “Қазақ Аруы – 2025” төмен деңгейде өтті. Оқырман саны көп адам жеңгені дұрыс болмады! Келер жылы қазылар алқасы таңдаса екен”, – деп жазылған.

скриншотОған қоса, қатысушы қыздардың бет бояуы, шаш үлгілері, киген көйлектеріне ерекше назар аударылған.

“Азамат Арғымбаевтың ғана коллекциясы жақсы болды, қалған көйлектер қыздарға үйлеспейді, толық қылып көрсетіп, дене бітімдеріне мүлдем келмейді. Дефиледегі шаш үлгілері де нашар болды, әсіресе Данираның шашын бүлдіріп тастаған, әрбір жерден шаштары шығып тұрды, Данираның көңіл-күйі жоқ екені көрінді. Бет бояуын да оңдырмаған, үлкейтіп тұр, танымай қалдым басында. Сұрақ-жауапта ап-ауыр қылып сәукеле кигізіп қойған, қыздар сұрақты емес ана сәукеле құлап кетпесінші деп ойлап тұрған шығар”, “Қазақ аруы” бір жылы шеттегі қазақ қыздарын қатыстырып, әдемі бастама жасап еді. Бұл байқау біріктіруші болуы керек деп санаймын. Баян Мақсатқызы сол мақсатына оралса екен. “Анау әдемі, мынау сұлу” деген дауды кез келген екінші сұрып байқау жасай алады. “Қазақ аруы” мәдени, бауырлық көпір болса, көбірек ұтады”, – деп жазған олар.

Айта кетейік, бұған дейін "Қазақ аруы – 2025" ұлттық сұлулық байқауында Талдықорған қаласының атынан қатысқан Дәрия Қуатжан жеңімпаз атанғаны хабарланған болатын. 

STAN.KZ
Жұма, 14 Қараша, 2025 16:41
Талқылау