Жазғы дөңгелекпен жүрген көлік иелеріне айыппұл салынады: Жүргізушілер нені ескеруі керек
Фото: pixabay.com
Қазақстандық жүргізушілерге желтоқсан-ақпан айлары аралығында көліктерге қысқы дөңгелек орнату қажет екені ескертілді. Осы кезең аралығында жазғы немесе маусымға сай емес шиналармен жүруге тыйым салынады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Шиналарды дұрыс қолданбағаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабы (Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу) бойынша жауапкершілік қарастырылған:
Алғашқы рет ереже бұзса – 5 АЕК (шамамен 19 660 теңге) айыппұл;
Бір жыл ішінде қайталанса – 20 АЕК (шамамен 78 640 теңге) айыппұл.
Силикон қосылған резеңке тозбайды: қысқы дөңгелек таңдағанда нені ескеру керек?
ШҚО-да қысқы дөңгелегі жоқ көліктердің қозғалысына тыйым салынды
Қысқы шиналар көліктің барлық дөңгелегіне орнатылуы тиіс. Ал оларда таудың үш шыңы мен қар ұшқыны бейнеленген арнайы белгі, “M+S”, “M&S” немесе “M S” деген таңбалар болуы керек.
Егер көлік тікенекті шиналармен жүрсе, жүргізуші қалауы бойынша көліктің артқы жағына "Ш" таңбасы бар белгі орната алады. Белгі қызыл жиегі бар ақ түсті тең қабырғалы үшбұрыш. Үшбұрыш қабырғасының ұзындығы кемінде 200 мм, ал жиектің ені оның 1/10 бөлігін құрауы тиіс.
Қысқы шиналар көліктің жолда тайғанамауын, қар мен мұзда жақсы тежелуін қамтамасыз етеді. Сондықтан жүргізушілерге көлікті алдын ала қысқа дайындап, шиналардың жағдайын және талаптарға сәйкес екенін тексеру ұсынылады. Бұл айыппұлдан қорғайды және жол-көлік оқиғаларының алдын алады.
Айта кетейік, бұған дейін Павлодарда қар түсіп, қала көшелерін қар басып қалғаны туралы жазған едік.
"Ауруханалар толып қалған": Қазақстандықтар "белгісіз" вирустың таралуына жаппай шағымданып жатыр