Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"8,5 миллион теңге жәрдемақы": Елімізде ауыл аймақта жұмыс істейтін дәрігерлерге қандай жағдай жасалған

ауылдардағы дәрігерлерге қандай қолдаулар бар

Фото: freepik.com

Бүгінде ауылға жол тартқан ақ халаттыларға мемлекет бұрынғыдан да көп мүмкіндік беріп отыр. Олар баспаналы бола алады, 393 мың теңге көтерме жәрдемақы, ал аса тапшы мамандық иелері 8,5 миллион теңгеге дейін біржолғы төлем алады. Осы тұста Stan.kz тілшісі елді-мекендердегі медицина жағдайы мен мамандарға берілетін қолдау туралы министрлік өкілдерінен сұрап білді. 

Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Гүлнар Сәрсенбаеваның айтуынша, елімізде ауылдық жерлерде жұмыс істейтін мамандарға жағдай жасау жақсы қарқында орындалып жатыр. 

“Жас мамандарға ауылдық елді мекендерде тұрғын үй алу, салу үшін жергілікті бюджеттен қаржы бөлінеді. Бұл сома аудан орталықтары үшін 2 500 АЕК-ке дейін (шамамен 9,8 миллион теңге), ал ауылдық жерлер үшін 2 000 АЕК-ке дейін (шамамен 7,9 миллион теңге) мөлшерінде белгіленген. Жас мамандарды ауылда тұрақтандыру мақсатында қосымша әлеуметтік қолдау шаралары да қарастырылған. Ең алдымен, ауылдық жерлерде тапшы мамандықтардың нақты тізімі жасақталады. Осы санаттағы медицина қызметкерлері ауылға кемінде бес жыл мерзімге жұмыс істеуге келген жағдайда, шамамен 8,5 миллион теңге көлемінде біржолғы көтерме жәрдемақы алады. Сонымен қатар ауылдағы медицина қызметкерлерінің балаларын балабақша орналастыруда, коммуналдық төлемдерді өтеуге қолдау мен жеңілдіктер көп”, – деді маман. 

Одан бөлек, ауылдағы медицина мамандарын шетелде оқытуға да жыл сайын қаражат бөлінеді екен. Мәселен, жүзден аса маман акушерлік және гинекологиядағы, травматология мен балалар хирургиясы саласы бойынша оқытылған

Адами ресурстарды дамыту басқармасының басшысы Гаухар Балқыбекқызының айтуынша, мемлекет үшін ауыл медицинасының дамуы ерекше назарда. 

“Бүгінде халықтың шамамен 38 пайызы ауылдық жерде тұрады. Шалғай ауылдарда аурудың алдын алу мен ерте анықтауға бағытталған профилактикалық тексерулер мен скринингтер жүргізіледі. Енді тіпті 50 адамға дейінгі елді мекендерге де жеке медицина қызметкері бөлінуі мүмкін. Бұл бұрын болмаған мүмкіндік.



Ауыл тұрғындарының дер кезінде көмек алуын қамтамасыз ету үшін заманауи жабдықталған аудандық ауруханалар жұмыс істейді. Онда КТ, МРТ, ангиографтар, сондай-ақ инсульт, кардиология, хирургия және реанимация бөлімдері бар.

Сонымен қатар, ел бойынша 147 жылжымалы медициналық кешен шалғай ауылдарды аралап, тексеру, кеңес беру және дәрі-дәрмекпен қамту қызметін көрсетеді. Бұған қоса, "Жәрдем" және "Саламатты Қазақстан" медициналық пойыздары алыс өңірлерге барып, тұрғындарға тегін көмек ұсынады. Ал шұғыл жағдайларда медициналық авиацияның 33 әуе кемесі (ұшақтар мен тікұшақтар) ауыл тұрғындарын тасымалдап, жедел көмек көрсетеді”, – деді ол. 

Гаухар Балқыбекқызы осы тұста ауыл медицинасын цифрландыру сәтті жүзеге асып жатқанын да алға тартты. 

“Қазір ауылдарда жаңа медициналық нысандар салынып, скринингтік бағдарламалар кеңейтіліп, диагностика әдістері жаңартылған. Сонымен қатар, шалғай елді мекендерге телемедицина мен "Онлайн медицина" жобалары жетіп, ауылдағы медицинаны цифрландыру қолға алынған. Одан бөлек, 2009 жылдан бері "Дипломмен ауылға" бағдарламасы бойынша денсаулық сақтау қызметкерлері ауылға жұмысқа барған кезде көтерме жәрдемақы мен бюджеттік кредит ала алады”, – деп қорытты маман.  

STAN.KZ
Дүйсенбі, 20 Қазан, 2025 09:00
Талқылау