Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Мың шақырым жерден жылына бір рет келеміз": Саудагер Астанадағы жәрмеңкеде тұратын орындары сатылып кеткеніне шағымданды

шығыс қазақстандық саудагерлер Астанада жәрмеңкеде орын таба алмаған

Фото: Желі кадрларынан скрин

Желіде шығыс қазақстандық саудагер Астанадағы арнайы жәрмеңкенің дұрыс ұйымдастырылмайтынына шағымданды. Айтуынша, шығыстан өнімдерін сатуға әкелетіндердің орнын Астананың базардағы саудагерлеріне сатып жібереді екен. Салдарынан халық алданып, басқа өнімді алады, ал алыстан келген саудагерлер орынсыз қалады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

ШҚО-дан келген кәсіпкер Алмас Таңғытұлының айтуынша, Астана әкімдігі белгілеген көрнекті орындарға қаладағы базарлардың саудагерлері орналасып алған.  

“Бізді енді Астана әкімшілігі осы жерге арнайы Шығыс Қазақстаннан шақырып отыр ғой. Бәріміз жан-жақтан – Ақтау, Атырау, Шымкенттен апта сайын елордаға келіп отырмыз. Өнімімізді әкелген соң, оны сатқымыз келеді. Бірақ елорданың әкімшілігі бұл жердегі орынды жергілікті базардың адамдарына сатып жіберген. Мұны сол кісілердің өздері айтып тұр. “Біз бір айға орын сатып алғанбыз, неге тұра алмаймыз?” дейді. Қарапайым халық оны қайдан білсін, олар бұл өнімдерді де Шығыстан келген деп ойлайды. Бірақ олар да түрлі бал мен басқа заттарды сатып жатыр. Алайда олардың дәмі бөлек қой. Сосын жұрт “Шығыс Қазақстанның өнімдері нашар екен” деп айтып жатады. Ал біз болсақ, мың шақырым жерден ат терлетіп келіп отырмыз. Ал олар болса, осы жерден келіп, күнделікті саудасын жасап жүр. Бізді арнайы шақырғаннан кейін, дәл осы жерде тұруымыз керек қой. Бұл мәселені Алматыда байқамадым. Бірақ Астанада жыл сайын осы бір әңгіме қайталанады. Адамдар көп жүретін жақсы жерлерде көбіне сол базар саудагерлері тұрады. 102-ге де хабарластым. Бір рет келіп, оларды “заңсыз” деп орнынан алып тастаған. Бірақ олар кеткен соң, бірден қайтадан келіп, тұрып алды”, – деді Алмас Таңғытұлы. 

Желі қолданушылары мұны жемқорлықтың көрінсі деп шағымданды.

“Астаналықтар бағаны бұзады”, “Қайда барсаң жемқорлық. Онда неге ауыл шаруашылық жәрмеңкесі деп атайды?”, “Ауылдан келгендер сатуы керек”, “Дұрыс алыстан келген соң орын беру керек. Жәрмеңке толған Астананың базарының сатушылары”, “Масқара! Сонау Шығыстан мың шақырым жерден жылына бір рет келетін шаруалар ғой. Қала әкімшілігі бір екі күндік орын ұйымдастыруға болады ғой!”, “Иә бүгін барғанымызда нағыз шығыстан келген саудагерлерді іздеп, базардың сыртынан әрең таптық”, – деп жазды жұртшылық. 



Астана қаласының әкімдігінен Stan.kz тілшісі осы жағдайға қатысты пікір сұрап көрді. 

“Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне өңірлерден келген тауар өндірушілер облыс әкімдіктері ұсынған ресми тізім бойынша орналастырылады. Қала әкімдігі тарапынан ешқандай сауда орны сатылмайды. Барлық қатысушыларға орындар тегін және әділ тәртіппен бөлінеді. Дегенмен жәрмеңке аумағында кей тұлғалар тарапынан заңсыз сауда жасау деректері анықталып отырады. Мұндай жағдайлар бойынша Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы мен Полиция департаменті бірлесіп тиісті шаралар қабылдауда. Бүгінгі таңда 100-ден астам әкімшілік хаттама толтырылды. Жәрмеңкелердің басты мақсаты – Елорда тұрғындарын қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету және отандық ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау”, – деді әкімдік.

STAN.KZ
Жұма, 17 Қазан, 2025 17:13
Талқылау