"Арнайы талаптар сақталса қатысуға болады": Мүфтият ГИВ ойындарына қатысты пәтуа шығарды
Фото: depositphotos.com
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы "Гив" ойнатуға қатысты пәтуа шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Instagram желісінде жиі ұйымдастырылатын "гив" ойындарын шариғат бойынша түсіндірді.
“Гив ойынында парақшаға тіркелушілер тарапынан кіру жарнасы алынса немесе бір затты сатып алу шарты қойылса, ондай конкурсқа қатысуға тыйым салынады. Одан тапқан табыс шариғат бойынша харам болады. Тіркелушілерден кіру жарнасы алынбаса және ұтыс демеушілер тарапынан қойылса, шариғат бекіткен шарттар толықтай орындалса, ол ойынға рұқсат етіледі”, – деп мәлімдеді Мүфтият.
Үй ойнатқан: Танымал блогер Нұрбек Нұртаза Instagram-да лотерея өткізгені үшін жазаланды
Дегенмен, бұл үшін бірқатар шарт сақталуы тиіс:
– Репост жасау керек болған парақшада шариғатта тыйым салынған нәрселер (сурет/видео/мәтін) болмау;
– Ұтыс сыйлығы харам зат болмау;
– Демеушілердің беретін қаражаты мен ұйымдастырушының алатын ақысы анық әрі нақты болу;
– Ұйымдастырушы тарап қанша адам жазылатынын нақты әрі ашық айту;
– Уәде етілген тіркелушілер санын жинап бере алмаса, жиналған адамның санына қарай қаражатты демеушілерге қайтарып беру керек. Себебі келісімшарт нысаны дау тудырмайтындай анық әрі нақты болуы тиіс. Қайшы жағдайда келісімшарт дұрыс болмайды;
– Конкурс өткізуде алдап-арбау, алаяқтық сынды әрекеттер және тіркелушілерге қиянат жасалмауы тиіс.
Діни басқарма қазіргі таңда көптеген ГИВ ойындарында бұл талаптардың орындалмайтынын атап өтті. Сондықтан мұндай шараларға қатысқанда мұсылмандардың сақ болғаны жөн.
Еске салсақ, осыған дейін депутат Ерлан Сайыров елде блогерлерге қатысты жаңа ереже енгізіп, ұтыс ойындарын ұйымдастыруды реттеуді ұсынған еді.

"Баласы бар әйелге міндет арту – сауатсыздық": Қазақстандықтар сәбиі бар үйге қонаққа баратындарды сынады
