Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда автобусты тоқтатып қойып, намаз оқыған жүргізуші жолаушының наразылығын тудырды (видео)

автобус ішінде намаз оқыған жүргізушіФото: Видео кадрларынан скрин 

Желіде Алматы қаласында автобус жүргізушісінің көлікті тоқтатып қойып, жолаушылардың көзінше намаз оқығаны түсірілген видео тарады. Кадрларда жолаушылардың оның бұл әрекетін түсінбей, шығу үшін есікті ашуын өтінгендері көрінеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Куәгердің айтуынша, оқиға 3 қыркүйек күні сағат 19:05 шамасында №132 бағыттағы автобуста болған. Ол Брусиловский көшесімен Абай даңғылы бағытына қарай қозғалып келе жатқан. Алайда жүргізуші кенеттен бағытын өзгертіп, Туркебаев көшесіне бұрылып, автобусты тоқтатып, салон ішінде намаз оқи бастаған.

Видеожазбада жолаушылардың бірі жүргізушіден есікті ашуды сұрап жатқаны анық көрінеді. Әйел адам автобустың жабық тұрғанына және жүргізушінің еш жауап бермей жатқанына наразылық білдіреді.

“Мұныңыз не? Жолаушылар жүреді ғой! Сонда бұл дұрыс па? Есікті жауып тастады. Енді мүлде құлағына да іліп тұрған жоқ. Мені автобустан түсіріңіз! Тіпті есікті ашпайды”, – деді видео авторы.

Тек біраз уақыт өткен соң ғана жүргізуші есікті ашып, жолаушы салоннан шыға алды.



Бұл оқиға желіде қызу талқыланды. Кейбірі мұндай әрекеттер адамдарға қауіп төндіретінін, діни қағидаларда егер намазды уақытында оқуға мүмкіндік болмаса, кейінге қалдыруға болатынын еске салды. Дегенмен енді бірі керісінше намазын тастамағаны үшін жүргізушіні мақтады.

"Ұшақ ұшқышы болмағанына шүкір. Әйтпесе бәріміз бірден жаратқанға жол тартар едік", "Операция жасап жатқан хирург болмағанына рахмет", – деп қосты тағы бір қолданушы.

"Тығылып тұрған жоқ қой, бәрібір кептелісте тұрсыздар. Неге ренжисіздер? Екі-ақ минут күтесіз. Бұл – намаз, дұрыс істеді, жарайды", – деп жазды жұртшылық.

STAN.KZ
Сейсенбі, 09 Қыркүйек, 2025 11:51
Талқылау