Қазақстанда енді пойыз жолаушылары қол жүгінің артық салмағы үшін ақы төлейді
Фото: сюжет кадрынан скрин
Елімізде енді пойыз жолаушылары да қол жүгінің артық салмағы үшін ақы төлеуге міндеттеледі. Яғни вагонға өзімен алып кіретін сөмкенің салмағы мен көлеміне шектеу қойылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
“Қазақстан темір жолы” бекіткен талапқа сәйкес “Тальго” вагондарына мінерде қол жүгінің салмағы 25 келі, ал үш жақты көлемі, яғни биіктігі, ұзындығы мен ені 150 сантиметрден аспауға тиіс. Ал өзге вагондарға салмағы 35 келі, көлемі 200 сантиметрден аспайтын қол жүгі болуы шарт. Жүкті жолсеріктердің өзі өлшейді. Яғни шекті салмақтан асқан жағдайда әр келі үшін 60 теңге болады. Сондай-ақ төлемақы көлемі жолаушының жүрген жолының шақырымына да байланысты.
“Егер жолсерік пен жолаушы арасында даулы жағдай туындаса, пойыз бастығы қол жүгін таразымен тексеру жұмыстары жүргізіледі. Белгіленген нормадан асқан жағдайда қосымша тариф бойынша ақы төлеу керек. Одан кейін қызметкерлер ресми құжат рәсімдеп, құжатқа сәйкес төлем жасалады. Жүк сол жолаушы мінген пойызбен жөнелтіледі”, – деді “Жолаушылар тасымалы” АҚ баспасөз қызметінің PR менеджері Сара Сахынбек.
Бұл жаңашылдық әзірге арнайы жүк салғыш орындары бар пойыздарда енгізілген. Жауапты мамандардың айтуынша, бұл шектеу жолаушыларға вагон ішінде қолайлы болу үшін жасалған. Бірақ тұрғындардың көбі қол жүгінің артық салмағына ақы төлеуге келіспейді.
Одан бөлек, жүкті рәсімдеместен жолсеріктің өзіне беріп жіберген азаматтар әкімшілік жазаға тартылады. Ал темір жол қызметкерінің өзі жұмыстан босатылады.

Министр Нұртілеу ұсталды деген сыбыс қазақстандықтарды дүрліктірді: Бұл істің соңы немен бітті, Бажкенованы не күтіп тұр?
