Астанада 3 адамды құтқарып өзі көз жұмған Забикулиннің қызын әріптестері 1-сыныпқа алып барды (видео)
Фото: Видеодан скрин
Астанада өрт сөндіру кезінде ерлікпен қаза тапқан Аскар Забикулиннің қызын әріптестері 1-сыныпқа өздері ертіп апарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алғашқы қоңырау күні қызды әкесінің әріптестері мектепке бірге ертіп апарып, қуанышына ортақтасты. Сосын олар Асқар Забикулиннің есімі берілген өрт сөндіру бөліміне барды. Батырдың ескерткішіне тағзым етіп, еске алу бұрышымен танысты.
“Батырдың ұрпағына көрсетілген қамқорлық бұл ерлік пен адалдықтың жарқын үлгісін көрсеткен Асқар Забикулиннің рухына көрсетілген құрмет”, – делінген Төтенше жағдайлар департаментінің жазбасында.
Ал марқұм Забикулиннің жары бұл күннің отбасы үшін маңызды екенін айтты.
Елордалық құтқарушылар хоккей турниріндегі жеңісін Асқар Забикулинді еске алуға арнады (видео)
“Менің кішкентай ханшайымым алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, 1-сынып оқушысы атанды. Бұл оның үлкен өмір жолының бастауы, білімге, арманға және болашақ жеңістерге апарар алғашқы қадамы. Жанында әкесі болмағаны үшін жүрек сыздайды… Ол мектепке әкесіз бара жатқанымен, әкесі жүрегінде, әрдайым жанында. Әкесі әрқашан қызымен мақтанатанына сенемін. Ол мейірімі мен қамқорлығы арқылы әрдайым қызының жолын жарық етіп тұрады. Бүгін бізге ол жетіспеді, бірақ оның қызы арқылы өмір сүріп, күлімдеп тұрғанын сеземін”, – деп жазды ол.
Сондай-ақ ол Төтенше жағдайлар қызметкерлеріне және халыққа қиын сәттерде қолдау білдіргені үшін алғысын білдірді.
Еске сала кетейік, елордада көпқабатты үйде өрт болып, 3 адам, оның ішінде бір бала ауруханаға түсті. Ал 3 адамды құтқарған өрт сөндіруші Асқар Забикулинді 80% күйік шалып, ауруханада көз жұмды. Кейін оған "Алтын адам" сыйлығы берілді.

Қазақстандық исламтанушы мигранттардың діни ахуалға әсерін айтып берді
