Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Халықтың шешімі" деген желеумен өткізгелі отыр": Астаналық белсенділер орталық саябақ салынады деген аумақты тарылтып, орнына тұрғын үй кешенін салуға қарсылық білдіруде

Аумақ жоспарыФото: threads.com/@alisher.kozhagulov

Қоғам белсенділері елордада орталық саябақ салынады деп жоспарланған аумаққа тұрғын үй кешенін салуға қарсылық білдіруде. Елордалықтар қаланың бас жоспары өзгеріп кеткеніне қайран. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Таяуда құқық қорғаушы Әлішер Қожағұлов Threads желісінде Астананың Сарайшық ауданындағы орталық саябақ салынады деп жоспарланған аумақтың сызбасын жариялап, әкімдік бас жоспарды өзгертіп, мәуелі саябақтың орнына тұрғын үй кешенін салғызғалы жатқанын мәлімдеді.

"Астананың жаңа ауданы – Сарайшықта бас жоспар бойынша орталық саябақ болуы керек еді, бірақ оның орнына тағы да тұрғын үй кешені салынғалы жатыр... Мына екі фотоға қараңыздаршы. Бірінші фотода – бекітілген жоспар. Ол бойынша мұнда орталық саябақ салынуы керек болған. Екіншісінде содан қалғаны ғана – 30 пайыздан аз! Қалғанына жаңа тұрғын үй кешенін салуды ұйғарыпты. Мұның бәрін әкімдік "қоғамдық тыңдау" арқылы "халықтың шешімі" деген желеумен өткізгелі отыр", – делінген қоғам белсендісінің жазбасында.

Stan.kz редакциясы мән-жайды анықтау үшін қалалық әкімдікке сауал жолдады. Әкімдік жауабында бас жоспарға өзгеріс енгізу жобасы әлі әзірленіп жатқаны, сондықтан қандай да бір қорытынды шығару ерте екені айтылған.

"Астана қаласының 2035 жылға дейінгі бас жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу" атты қала құрылысы жобасы Қазақстан Республикасының құрылыс нормаларына сәйкес әзірленуде. Қазіргі уақытта жоба бекітілмеген және әзірлеу сатысында", – деп жауап берді әкімдікке қарасты Астана қаласы сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы өкілдері.

Ведомство мәліметінше, 2025 жылғы 14-18 шілде аралығында "Астана бас жоспары" ҒЗЖИ" ЖШС ғимаратында өткен қоғамдық тыңдаулардың қорытындысы бойынша тұрғындардан 700-ден астам өтініш түскен. Бұл өтініштерді институт мамандары саралап, тақырыптар бойынша топтастырған.

"Көптеген сұрақтар жергілікті атқарушы органдардың, атап айтқанда, ескі үйлерді сүру, аулаларды абаттандыру, Жоғарғы соттың Кіші Талдыкөл көлдер тобын сақтау жөніндегі шешімінің орындалуы Астана қаласы әкімі аппаратының құзыретіне жатады. Қазіргі уақытта Астана қаласының әкімдігімен бірлесіп, бас жоспарға өзгерістер енгізу бойынша ықтимал шешімдер қарастырылуда. Азаматтардың ұсыныстары уәкілетті мемлекеттік органдардың қарауына жолданып, бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде", – дейді басқарма өкілдері.

Олардың мәлімдеуінше, жобаны үкімет бекіткенге дейін стратегиялық экологиялық бағалау, кешенді қала құрылысы сараптамасы, Астана қаласы мәслихаты мен Қоғамдық кеңесте қарау, "Атамекен" ҰКП және орталық мемлекеттік органдармен келісу сынды бірқатар рәсім жүргізіледі екен.

"Осыған байланысты қоғамдық талқылауға ұсынылған алдын ала жобалық шешімдер негізінде қандай да бір қорытынды жасау әлі ерте деп санаймыз", – делінген әкімдік жауабында.

Еске салсақ, бұған дейін қоғам белсенділері Астана қаласының 2035 жылға дейінгі бас жоспарына өзгертулер енгізу жобасына "Кіші Талдыкөл" тобындағы көлдер де енбей қалғанын айтып, дабыл қаққан еді. Елордалықтар бірнеше жылдан бері көлдерді құрғатып, орнына тұрғын үй кешендерін салуға қарсылық білдіріп келеді.

STAN.KZ
Сәрсенбі, 06 Тамыз, 2025 14:47
Талқылау
`