Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жамбыл облысында 15 жастағы механик көлік жөндеп, айына 500 мың теңге табады

15 жастағы жасөспірім айына 500 мың теңге табадыФото: Сюжет кадрларынан скрин

Жамбыл облысында 15 жастағы жасөспірім көлік жөндеп, айына 500 мың теңге тауып жүр. Тастөбе ауылындағы ақылды жас механик Бағдәулет Исақұлдың шеберханасына көлігі бар бүкіл жұрт жүгінеді. Оның жас болса да шеберлігіне көпшілік тәнті болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Jibek joly” арнасынан сілтеме жасап хабарлайды. 

Бағдәулет Исақұлдың шеберханасына көрші ауылдардан да көлік жөндетуге келеді. Басқа балалар аулада ойнап жүргенде, Бағдәулет бұранда бұрап, темірге жақын болған. Алдымен велосипедтерді жөндеуден бастаған ол, қазір көлікке көшкен.

“9 жасымнан бастап көршілер мен құрдастарыма велосипед жөндеп беретінмін. 12 жасымнан әкеме көлік бөлшектеуге көмектестім. Қазір 15-темін, болашақ мамандығымды таңдап қойдым. Автоэлектрик болуға оқуға түспекпін. Келешекте жеке кәсібімді ашқым келеді”, – дейді Бағдәулет.

Бұл отбасылық кәсіп. Бағдәулеттің әкесі де автомеханик. Ал өзі болса, небәрі 15 жасында айына жарты миллион теңге табыс табады. Әкесі ұлына мақтанышпен қарайды:

“Қазір шеберханамыз шағын. Бірақ алдағы уақытта кеңейтуді армандаймыз. Ұлыма жақсы білім бергім келеді. Әкем де техника жөндейтін, бәрі сол кісіден басталған”, – деді ол.



Бағдәулетті үлкендер сыйлайды, кеңесіне құлақ асады.

“Мәселені бірден тауып, көлікті бір күнде жөндеп берді. Бүгін келіп алып кеттім. Шынымды айтсам, таңғалдым. Мұндай баланы қолдау керек. Оның болашағы зор”, – деді тұрғындардың бірі. 

Тастөбе ауылы Тараз қаласынан 20 шақырым жерде орналасқан. Халқы шамамен 1500 адам. Ауылда бар болғаны екі механик бар. Бағдәулет болашақта туған ауылында үлкен көлік жөндеу орталығын ашатынына сенімді.

STAN.KZ
Сейсенбі, 05 Тамыз, 2025 11:43
Талқылау
`