Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жаз басталса билет жоқ": Қазақстандықтар пойыз билеттерінің тапшылығына шағымданды

тұрғындар пойыз билеттері тапшылығына шағымдандыФото: Сюжет кадрларынан

Қазақстандықтар жаз басталса пойыз билеттеріне тапшылық болатынын айтып шағымданды. Айтуларынша, діттеген жеріне жету үшін азаматтар бір жарым ай бұрын қамдануы керек екен. Кейбіріне тіпті сол үшін күнде вокзал кассаларына баруға тура келеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Qazaqstan”  арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Елімізде күніне 2000 вагон жолаушы тасымалдайды екен. Бірақ соған қарамастан Астана-Алматы, Астана-Шу, Астана-Маңғыстау бағыттарына билет жоқ.  

“Билет жоқ. Бес күн болды келіп жүргеніме. 1-не дейін билет жоқ. Луговойға, Құланға баруым керек. Алматыға да, Шуға да, Сарығаш, Қызылордаға билет жоқ. Қалтасы барлар ақшасы барлар сатып алып қойған дейді. Сөйтіп жақындағанда сатады дейді. Енді соларды аңдимыз ба? Күзетші күнде келе берсеңіз шығып қалады дейді”, – деді тұрғын Несібелі Итебаева. 

Ереже бойынша бір адамға төрт билеттен артық сатылмайды. "Жолаушылар тасымалы" АҚ алыпсатарлардың билетті қайдан алатынын туралы ақпараттың жоқ екенін жеткізді.

“Вагон тапшылығы билет жетіспеушілігіне тікелей әсер ететіні сөзсіз. Халықтың сұранысын өтеу мақсатында және бос билеттердің болмауына байланысты "Күту парағы" қызметі енгізілді. Бұл қызмет жолаушыға электронды кезек арқылы билет сатып алуға мүмкіндік береді”, – деді "Жолаушылар тасымалы" АҚ баспасөз қызметі.



Көлік министрлігінің өкілдері болса жүйелі түрде тексеріс жүргізетін айтып, олар да әзірге ешқандай дерек тіркелмегенін алға тартты.

“Біздің министрлік қызметкерлері, теміржол комитеті бар. Сол жердегі мамандар шығып жасырын сатып алушы акциясын жүргіземіз. Министрлік ретінде құзіретіміз болғандықтан басқа да бақылау түрлерін жүргізіп отырамыз. Сол жерге бару, құжаттарын тексеру т.б. Егер сіз қандайда бір заңбұзушылықты байқасаңыз бізге барлық ақпаратты беруіңізге болады. Біз тексеріс жүргізіп, сізге кері байланысқа шығамыз”, – деді ҚР Көлік министрлігінің ресми өкілі Ләззат Стамғазиева. 

Билет таппаған азаматтар Қазақстан темір жолы сайтындағы күту парағына тіркелуі керек. Дегенмен, мұнда біреудің билет тапсырғанын күтуге тура келеді. Бүгінде 11 бағыт бойынша қосымша вагондар жұмылдырылған. Бұл билет тапшылығын қысқартуға сеп болуы тиіс. Айта кету керек, жаздың бірінші айында-ақ 2 миллионнан астам билет сатылған.

STAN.KZ
Бейсенбі, 31 Шілде, 2025 16:20
Талқылау
`