Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда компания қызметкерлері тұрғындардан газ төлемдерін қолма-қол жинап, 168 миллион теңге жымқырған

Фото: ҚМА

Алматы облысында "Алматыгазсервис-Холдинг" акционерлік қоғамының қызметкерлері 2 жыл бойы есептегіш көрсеткіштерін тіркеп, тұтынушылардан жиналған 168 миллион теңге қаражатты заңсыз иемденген. Олар тұрғындардың коммуналдық төлем ретінде қолма-қол берген ақшасын мақсатсыз жұмсап келген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қаржылық мониторинг агенттігі бұл дерек бойынша тергеуді аяқтады.

“Аталған акционерлік қоғам өңірге табиғи газ жеткізумен айналысады. Тергеу материалдарына сай компания қызметкерлері есептегіш құрылғылардың көрсеткіштерін тіркеп, тұтынушылардан қолма-қол ақша жинаумен айналысқан. Жиналған қаражатты олар материалдық жауапты тұлғаларға тапсырған.

Алайда аталған жауапты тұлғалар жиналған қаражатты заңды түрде өткізудің орнына өз пайдаларына жаратып, төлем туралы ақпаратты "SymphonyGAS" жүйесінде жасырып келген. Осылайша, компанияның директоры, оның орынбасары, аға оператор және аға бақылаушыдан тұратын тұлғалар тобы 2 жыл ішінде тұтынушылар төлеген 168 миллион теңгені иемденген”, – делінген хабарламада.



Сот санкциясымен күдіктілердің жалпы құны 165 миллион теңге болатын мүлкіне (тұрғын үй, пәтер және автокөлік) тыйым салынды. 

STAN.KZ
Бейсенбі, 24 Шілде, 2025 10:51
Талқылау