Қазақстан экономикасында тау-кен металлургиясының үлесі – 8%: Қай ірі компаниялар мемлекетке ең көп салық төлейді?
Фото пресс-службы KAZ Minerals
Тау-кен металлургия кешені (ТКМ) – Қазақстан экономикасының негізгі тірегінің бірі. 2024 жылдың қорытындысы бойынша, оның жалпы ішкі өніміге қосқан үлесі 8%-ды, яғни 10,8 триллион теңгені құраған. Бұл ел экономикасындағы әрбір сегізінші теңгенің пайдалы қазбаларды өндіру не өңдеуден түскен табыс екенін білдіреді.
Қазақстанда пайдалы қазбаларды өндіруге арналған келісімшарттары бар 1779 компания тіркелген. Тау-кен металлургия саласының құрылымына келер болсақ, оның едәуір бөлігі ірі компанияларға тиесілі. Олардың қатарында "Қазақмыс", Eurasian Resources Group, KAZ Minerals, "Қазцинк", "Қазатомөнеркәсіп", Qarmet және Solidcore Resources бар.
2024 жылғы тау‑кен металлургия кешенінің салық төлемдері
Мемлекеттік кірістер комитетінің деректеріне сәйкес, бұл компаниялар мемлекет қазынасына жалпы көлемі шамамен 1,8 триллион теңге аударған. Оның негізгі бөлігі – қатты пайдалы қазбаларды (ҚПҚ) өндіруге салынатын салықтар. Бұл салық түрі мемлекеттік бюджеттің құрылымында жыл сайын 12–13% көлемінде үлеске ие.
Салық түсімдерінің динамикасы
Миллиардтаған табыс – ел игілігіне
Ірі өндірістік компаниялар – салық түсімдерінің негізгі көзі. Мысалы, 2024 жылы "Қазатомөнеркәсіп" мемлекет қазынасына 720 миллиард теңгеден астам қаражат аударып, елдегі ең ірі салық төлеушілердің біріне айналды. Бұл таңғаларлық жайт емес. Себебі уранның әлемдік нарықтағы бағасы алтын мен мыстың бағасынан әлдеқайда жоғары. Сондықтан компанияның табысы мен тиісінше салық төлемдері басқаларға қарағанда әлдеқайда көп.
Айта кету керек, әр компания әртүрлі шикізат түрі: алтын, мыс, темір және т.б жұмыс істейтіндіктен, олардың өзіне тән ерекшеліктері бар. Бұл жер қойнауын пайдаланушылардың табысына және салық міндеттемелерінің құрылымына әсер етеді. Объективті талдау үшін BES.media ұқсас баға сегментінде жұмыс істейтін компанияларды салыстырды.
Фото пресс-службы KAZ Minerals
Ұқсас жағдайларда жұмыс істейтін компанияларды қарастырсақ, саладағы ең көп салық төлейтіндер – KAZ Minerals, ERG және "Қазақмыс". Олар бюджетке түсетін барлық салық түсімдерінің 65%-ына жуығын құрап отыр:
- KAZ Minerals – 478,2 миллиард теңге;
- ERG – 352,6 миллиард теңгеден астам;
- "Қазақмыс" – 348 миллиард теңге;
- Qarmet – 117 миллиард теңге;
- "Қазцинк" пен оның еншілес компаниясы Altyntau Kokshetau – жиынтықта 87,7 миллиард теңге.
"Қазцинк" пен оның еншілес компаниясы Altyntau Kokshetau мемлекет қазынасына жалпы алғанда 87,7 миллиард теңге аударған. Алайда, "Қазцинктің" өзінде теріс салық көрсеткіштері тіркелген. Бұл жағдай компания экспорттаушы ретінде нөлдік мөлшерлеме бойынша ҚҚС (қосылған құн салығы) қайтарымын алғандықтан туындады – қайтарылған сома бюджетке төленген салық көлемінен асып кеткен.
Графика жасанды интеллект көмегімен жасалған
Ауқымы кіші компаниялар да аз да болсын өз үлестерін қосуда:
- "Богатырь Көмір" – 15,8 миллиард теңге;
- "Ақтөбе мыс компаниясы" – 14,5 миллиард теңге;
- "Өскемен титан-магний комбинаты" – 4,5 миллиард теңге;
- "Қазфосфат" – 2,6 миллиард теңге.
Фото пресс-службы "Казахмыса"
Тау-кен металлургия саласының алпауыттары тек салық төлеуші ғана емес. Олар өндірістік активтер орналасқан аймақтардың дамуына да маңызды үлес қосады. Мыңдаған жұмыс орнын ашып, инфрақұрылымды дамытады, мектептер мен спорт нысандарын салады.
Мысалы, жыл басынан бері "Қазақмыс" Ұлытау өңірінде үш әлеуметтік жобаны іске қосты. Сәтбаев қаласында – "Ақбота" балабақшасы, Жезқазғанда – Қазақстандағы ең ірі шахмат академиясы мен "Жігер" дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. Жыл соңына дейін компания Қарағанды облысында инфрақұрылымды дамытуға 20 миллиард теңгеден астам қаржы бағыттап, тағы 5–6 жобаны аяқтауды жоспарлап отыр.
"Көптеген кәсіпорындар – қала құраушы мекемелер. Қазіргі таңда тау-кен металлургия саласында мұнай-газ саласына қарағанда көбірек адам еңбек етеді. Сонымен қатар, мұнай-газда шетелдік капитал басым болса, ТКМ секторында негізінен қазақстандық меншік иелері жұмыс істейді", – дейді AERC бас директоры Жанибек Айғазин.
Фото пресс-службы "Казахмыса"
Саланың дамуын не тежейді?
Тау-кен металлургия кешенінің (ТКМ) негізгі мәселесі жабдықтар мен инфрақұрылымның тозуында болып отыр. Өндірістік қуаттардың басым бөлігі, соның ішінде кен байыту фабрикалары мен көлік желілері, ескіріп кеткен. Бұл жағдай саланың өсуін тежейді, өнімнің өзіндік құнын арттырады және кәсіпорындардағы апаттық жағдайлардың жиілеуіне себеп.
"Салаға ірі инвестициялар негізінен кеңестік кезеңде салынған. Бүгінде өнімнің бәсекеге қабілеттілігін сақтау үшін жаңғыртуға қаржы салу қажет. Айтарлықтай инвестициясыз ТКМ дамымайды. Алайда инвестицияны ойланбай құюға болмайды. Бұл ретте жабдықтардың техникалық және физикалық тозуы мен әлеуметтік тепе-теңдікті де ескеру керек", – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта өндіріс негізінен шикізатты экспорттауға немесе алғашқы өңдеуден өткен өнім шығаруға бағытталған. Бірақ елімізде өнімді жоғары деңгейде қайта өңдеу әлі толық дамымағандықтан, экспорт арқылы қосымша құн жасау мүмкіндігі шектеулі. Сонымен қатар, тау-кен металлургия кешені әлемдік баға өзгерістері мен геосаяси жағдайларда құбылып отырады.
Фото PR-службы ERG
Сонымен қатар
Қиындықтарға қарамастан, Қазақстан жаһандық шикізат нарығында көшбасшы орындарды сақтап отыр. AIFC мәліметтері бойынша, ел мыс қоры бойынша әлемде 11-орында, мырыш қоры бойынша 7-орында, боксит қоры бойынша 11-орында, ал қорғасын қоры бойынша 8-орында тұр. Республикада сондай-ақ бериллий, тантал және ниобий сияқты сирек және стратегиялық маңызды металдар өндіріледі. Бұл элементтер аэроғарыштық өнеркәсіптен атом энергетикасына, электроникадан медицинаға дейінгі жоғары технологиялық салалар үшін аса маңызды.
"Қазақстан жаһандық шикізат нарығындағы орнын нығайтып, тұрақты даму, цифрлық технологияларды енгізу және минералдық ресурстарды барлау мен қайта өңдеуге инвестиция тарту арқылы алға басуда. 2025 жылы вольфрам өндірісін іске қосу, сондай-ақ жоғары температураға төзімді никель қорытпалары, галлий мен интерметалдарды өндіру технологияларын дамыту жоспарланып отыр", – деп хабарлады ҚР Индустрия және құрылыс министрлігінің Геология комитеті.
Ведомствоның айтуынша, Қазақстанның тау-кен металлургия кешені тұрақты өсім көрсетіп отыр. Өндіріс көлемі құндық мәнде 14,3 триллион теңгеден асып, экспорт көлемі 21,4 миллиард долларға жетті. Бұл мәліметтер ТКМ бүгінгі таңда жай ғана шикізат көзі емес, ел бюджеті мен жалпы ішкі өнімнің стратегиялық тірегі екенін көрсетеді.

"Халықтың қайғысына құрметсіздік": Алматыда Лениннің есімі берілген дәмхана желі қолданушыларының ашуын туғызды
