Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бір уақытта төрт балаға дейін қабылдай алады: Қазақстанда балаларды отбасына орналастырудың жаңа түрі енгізілді

Әйел баланы жетектеп барадыФото: freepik.com

1 шілдеден бастап елімізде жетім балаларды отбасына орналастырудың жаңа түрі – кәсіби қабылдаушы отбасы енгізілді. Осылайша ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың отбасы жылуын сезінуіне жағдай жасалмақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, қабылдаушы кәсіби отбасылар бір уақытта төрт балаға дейін қабылдай алады.

"Әр балаға жеке көңіл бөлініп, қамқорлық көрсетіледі. Қабылдаушы кәсіби отбасы болуға үміткерлер міндетті түрде психологиялық дайындықтан өтуге тиіс. Оқыту жетім балаларға арналған мекемелерде, сондай-ақ балаларды отбасыға қабылдауға ниетті адамдарды оқытуға құқығы бар аккредиттелген ұйымдарда жүргізіледі. Қамқоршылық органдары үміткерлерді іріктеу және даярлу жұмыстарын қазірден бастап белсенді түрде жүргізіп жатыр", – деп мәлімдеді оқу-ағарту министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитетінің баспасөз хатшысы Мәдина Бейсембаева.

Кәсіби отбасыларға жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, панасыз және қараусыз қалған балалар, зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балалар жіберіледі.

Кәсиби тәрбиешіге қойлатын талаптар:

- 30-63 жас аралығындағы Қазақстан азаматтары;

- тұрақты табысы мен тұрғын үйі бар;

- психологиялық дайындықтан өткен.

Сотталғандар, тұрақты мекенжайы жоқтар, баланы тәрбиелеуде кедергі келтіретін аурулары барлар, наркологиялық немесе психологиялық диспансерде есепте тұрғандар кәсіби тәрбиеші атана алмайды.

Кандидаттарды тағайындау туралы шешімді қамқоршылық органдары қабылдайды.

"Бұл шешім ұсынылған құжаттардың толықтығы мен заң талаптарына сәйкес қабылданады. Қабылдаушы кәсіби тәрбиешілерге әр бала үшін ай сайын жәрдемақы және көрсеткен қызметі үшін қосымша төлем қарастырылған", – дейді министрлік өкілі.

Іріктеу кезеңдері: 

- құжат тапсыру;

- әңгімелесу;

- үй жағдайын тексеру;

- психологиялық дайындық;

- қорытынды алудан тұрады.

Қаржылық қолдау:

- әр балаға ай сайын 10 АЕК;

- тәрбиешіге ай сайын 70 АЕК қарастырылған.

Енді балалар интернаттық мекемелерге емес, бірден отбасыға жіберіледі.

STAN.KZ
Бейсенбі, 03 Шілде, 2025 10:07
Талқылау