Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ливия жағалауында танкер жарылды: Министрлік бортта Қазақстан мұнайы болғанын жоққа шығарды

Vilamoura танкері - Ливия жағалауында жарылғанФото: TMS Tankers

Ливия жағалауында бір миллион баррель мұнай тиеген Vilamoura танкерінде жарылыс болды. Кеме грекиялық. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Bloomberg агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Танкер TMS Tankers компаниясына тиесілі болған. Компания өкілінің айтуынша, жарылыс салдарынан кемеде тесік пайда болып, машина бөлімін су басқан. Дегенмен мұнай төгілу фактісі тіркелмеген, экипаж мүшелері аман. Жарылыстың нақты себебі әзірге белгісіз. Залал көлемін анықтау үшін танкер Грекияға жеткізіледі.

Трекинг қызметтерінің мәліметінше, Vilamoura танкері бұған дейін Қазақстан мұнайын тиеу үшін Ресейдің мұнай терминалдарына екі рет кірген. Атап айтқанда, сәуірде – Ленинград облысындағы Усть-Луга портына, мамырда  Новороссийскідегі Каспий құбыр консорциумының терминалына тоқтаған. Жарылыс Ливияның Зейтина портынан Гибралтарға қарай бағыт алған кезде болған.

Бұл жайтқа Қазақстанның энергетика министрлігі түсініктеме берді. Ведомствоның хабарлауынша, оқиға болған кезде кемеде Қазақстан мұнайы болмаған.

"Оқиға жеке танкерде болды, соңғы тиеу Ливия порттарының бірінде жүргізілген. Оқиға кезінде бортта қазақстандық мұнай болғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды", – деп хабарлады энергетика министрлігі өкілдері.

Теңіздегі қауіп-қатерді бағалау саласындағы Vanguard Tech компаниясының талдауы бойынша, 2025 жылдың басынан бері Ресей порттарына кірген кемелерге байланысты кем дегенде төрт осындай оқиға тіркелген. Осыдан кейін кеме иелері  сүңгуірлер мен суасты дрондары арқылы танкерлерінің корпусында суасты жарылғыш құрылғылары бар-жоғын тексере бастаған.

STAN.KZ
Сейсенбі, 01 Шілде, 2025 11:00
Талқылау