Сауль Альвареске қарсылас ретінде Жәнібек Әлімханұлы ұсынылды
Фото: olympic.kz
Boxing247.com порталы Сауль Альвареске Берланга немесе Ширазбен жекпе-жектен бас тартып, қарсылас ретінде Жәнібек Әлімханұлын қарастыруды ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Boxing247.com атты танымал бокс порталы екінші орта салмақта абсолютті әлем чемпионы Сауль "Канело" Альвареске Эдгар Берланга мен Хамза Шираз арасындағы жекпе-жектің жеңімпазымен кездеспеуді ұсынды. Оның орнына басылым мексикалық боксшы үшін балама қарсыластар тізімін жасады.
Аталған тізімге қазіргі таңда орта салмақта WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы титулының иегері, спорттық мансабында жеңілмеген қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы да енген. Мақала авторларының пікірінше, Әлімханұлы техникалық шеберлігімен, қуатты соққыларымен және рингтегі жоғары IQ-мен ерекшеленеді. Осы қасиеттері оны Альварес үшін қызықты қарсыласқа айналдырады.
Сонымен қатар, Сауль Альварестің әлеуетті қарсыластары ретінде Давид Бенавидес, Джермалл Чарло, Дмитрий Бивол, Артур Бетербиев және Давид Моррелл есімдері де аталды.
Осылайша, Boxing247.com порталының пайымдауынша, Жәнібек Әлімханұлы әлемнің ең танымал боксшыларының бірі Канеломен жекпе-жек өткізуге лайықты үміткерлердің қатарында.

"Буғалтыр, пизкультуре, жертатақ": Желі қолданушылары қазақ тілін үйрететін кітап авторының аудармаларына шүйлікті
