Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сол күні қалаға шықпадым": Қазақстандық жүргізушілер өздеріне жалған айыппұлдар келіп жатқанына шағымданды

Фото: depositphotos.com

Қазақстандық көлік жүргізушілеріге  өздері жасамаған заңбұзушылықтар үшін айыппұл келіп жатыр. Сарапшылардың айтуынша, бұл — жол ережесін бұзуды тіркейтін камералардың нөмір белгілерін қате тануына байланысты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Айша Көшеман жылдамдық режимін бұзды деген хабарлама алған. Алайда айтуынша, дәл сол күні көлік жүргізбеген. Қыз өз кінәсіздігін дәлелдеп шыққан.

“Мен бұл айыппұлды көрдім, бірақ сол күні қалаға шықпағандықтан, E-Otinish арқылы өтініш жолдадым, кейін айыппұл жойылды, мен ештеңе төлемедім”, – деді Айша.

Сарапшылардың айтуынша, осы себептен көп адамдар айыппұлдарды тексерместен, егжей-тегжейіне үңілместен төлей салады. Бірақ, шын мәнінде, электронды тіркеу жүйелерінде ақау бар. Камералар көлік нөмірлерін дұрыс танымауы мүмкін. Оған ауа райы, күннің шағылысы мен линзаның ластануы әсер етеді. Тіпті болмашы бұрмаланудың өзі қатеге әкелуі ықтимал.

“Электроника нақты сызықтар мен таңбаларды тануға арналған. Ал жарықтың шағылысуы мен басқа да факторлар болғанда, ол интеллектуалдық ерекшеліктерді ескере алмайды. Тіпті көліктің маркасы басқа болса да, оған бәрібір. Ол нөмірді оқыды, белгілі бір пішін деп қабылдады және айыппұл салады”, – деді Жол қауіпсіздігі қауымдастығының президенті Арсен Шакуов. 



Ішкі істер министрлігі мұндай айыппұлдарда даулы жағдайларда заң аясында шешілуі тиіс екенін ескертті.

“Автоматты режимде жұмыс істейтін техникалық құралдар арқылы тіркелген құқықбұзушылықтар бойынша даулы мәселелер туындаған жағдайда азаматтар тұрғылықты жері бойынша полиция департаментінің әкімшілік практика бөлімшесіне жүгінуі тиіс”, –  деді Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Құқықбұзушылықтың мән-жайымен Qamqor ақпараттық сервисі арқылы толық танысуға болады. Онда фото және видео материалдар, тіркеу күні мен уақыты көрсетіледі. Сол жерде өтініш жолдап, ресми жауап алуға болады. Қате айыппұлдар жойылуы мүмкін, бірақ бұл белгілі бір уақытты талап етеді. 

STAN.KZ
Бейсенбі, 26 Маусым, 2025 10:10
Талқылау